Түркістан облысында соңғы бес жылда 100 мектеп салыныптын. Түркістан облысы білім басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлының айтуынша, бүгінге дейін 78 мектептің құрылыс жұмысы басталып, 64 білім ошағының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілген екен.
Бұл үш ауысымдағы мектептер санын азайтуға сеп болған. Сондай-ақ бес жылда 108 мектептің асханасы толықтай жаңартылыпты.
Сонымен қатар алдағы оқу жылына дайындық барысы Түркістан облысы білім басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлының төрағалығымен өткен кезекті аппарат жиынында талқыланып, білім ошақтарының жаңа оқу жылына дайындығы пысықталды. Жиынға басқармадағы жауапты мамандар және қалалық пен аудандық білім бөлімдерінің басшылары ZOOM платформасы арқылы қатысты.
Күн тәртібінде мектеп формасы, жаңа оқу жылына дайындық барысы, оқушыларды тасымалдау, жылыту қазандықтарының қысқы маусымға дайындығы, спорт залдар, білім мекемелерінің күрделі және ағымдағы жөндеуі, жазғы сауықтыру лагерлері, мемлекеттік сатып алу, ыстық тамақ бойынша және басқа да өзектілігін жоймаған бірқатар маңызды мәселелер қаралды.
Жиын барысында басқарма басшысы Дінислам Болатханұлы осы салаға жауапты мамандардың хабарламасын тыңдап, жаңа оқу жылына дайындықты үнемі қадағалап отыруды тапсырды.
Сонымен бірге мектептердің қауіпсіздігін арттыру мәселесін де назардан тыс қалдырмады.
- Қазірге таңда Түркістан облысының білім беру мекемелері бейнебақылау жүйесімен қамтамасыз етілуде. Оның ішінде 750 бейнебақылау камерасы ішкі істер департаментінің жедел басқару орталығына тікелей жалғанған. SOS батырмасы арқылы санаулы секундта полицейлермен байланыс орнатуға болады. Бұдан бөлек, 284 білім ошағына арнайы турникеттер қойылған. 572 мектепке мамандандырылған күзет қызметі іске қосылды. Жаңа оқу жылында да, қауіпсіздік жүйесіне байланысты шаралардың саны артып, толыққанды қажетті техникалармен қамтамасыз ету жұмыстары жалғасатын болады, - дей келіп, басқарма басшысы Дінислам Болатханұлы бұл бағытта да жұмыстарды жандандыруды тиісті мамандарға тапсырып, жиынды қорытындылады.