Келес ауданындағы үздік оқушылар «Қазақстан халқына» қорының есебінен жазғы сауықтыру лагеріне жіберілді. Келес аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Бақтияр Абдиевтің айтуынша, ауданнан аталған қордың есебінен 200 оқушы жазғы сауықтыру лагеріне жіберіліп отыр.
- Бүгінгі таңда балаларға барлық жағдай жасалуда. Президентіміз де өз Жолдауларында білім саласын дамытуға ерекше басымдық беріп отыр. Біліммен қатар сауықтыру шаралары аудан деңгейінде жоспарға сәйкес ұйымдастырылуда. Өткен айларда жазғы сауықтыру лагерлері мектеп жанында ұйымдастырылса, одан бөлек, қала сыртындағы демалыс орындарында да жазғы сауықтыру лагерлері ұйымдастырылуда. Жалпы жазғы лагерге демалу – әрбір баланың арманы. Бірақ барлық ата-ана баласының жазғы демалысының әр күнін мерекеге айналдыруға мүмкіндігі жете бермейді. Осыны ескерген мемлекет әлеуметтік жағдайы төмен отбасында өскен балалар мен оқуда озат оқушыларды демалыспен қамтуды қолға алған. Осы орайда келестік 200-ден астам оқушы «Қазақстан халқына» қорының есебінен жазғы лагерге жіберілді, - дейді ол.
Келес аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Бақтияр Абдиевтің айтуынша, алдағы уақытта тағы 1700 оқушыны жазғы лагерлерге жіберу жоспарда бар. Ал «Қазақстан халқына» қорының есебінен жазғы лагерге жіберілген оқушылар Төлеби ауданындағы «Қуаныш» лагерінде демалып жатыр.
- Бала – біздің болашағымыз. Осындай керемет демалыс пен естен кетпес балалық шақ сыйлап жатқан Келес ауданының Адами әлеуетті дамыту бөліміне көп рақмет. Бүгінде аудан балалары табиғаты әсем, ауасы таза жерде орналасқан зәулім, жаңа, 4 қабатты ғимаратта демалып жатыр. Демалысты ұйымдастырушыларға алғысымызды білдіреміз», - деді Келес ауданының тұрғыны Гүлнұр Серғазиева.