Түркістан облысыда «Жайлы мектеп» жобасы аясында басталған мектеп құрылысы жұмыстарының барысын облыс әкімі өз бақылауына алған. Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының айтуынша, Президент тапсырмасын аймақта жүзеге асыру мақсатында ұлттық жобаның барысын қадағалап отыру жұмыс жөніндегі алгоритм жасалған.
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында білім саласына баса мән берді. «Орта білімнің сапасы – табысты ұлт болудың тағы бір маңызды шарты. Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс. Сол үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынды» дейді Президент. Жалпы биылдан бастап Президентіміздің тапсырмасымен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын қолға алынды. Мемлекет басшысы Жолдауында «Біз 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте оқуына жағдай жасаймыз. Осылайша, апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесін толық шешеміз. Бұл ауыл және қала мектептерінің айырмашылығын едәуір азайтады. Жалпы, мектеп салу Үкімет және әкімдіктер үшін басты міндеттің бірі болуы керек», дей отырып, әрбір өңірдің ерекшелігіне қарай мектеп салуды тапсырды. Бүгінгі таңда облысымызда «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 49 мың оқушыны қамтитын 63 мектеп салынады. Оның 29-ының құрылысы биыл басталып, 2024 жылы аяқталады. Ал қалған 34 мектептің құрылысы 2024 жылы басталады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен салынатын бұл білім ұялары өңірдегі үш ауысымды және апатты мектептер мәселесін түбегейлі шешуге серпін бермек, - дейді Дархан Сатыбалды.
Облыс әкімінің тапсырмасымен бекітілген алгоритмге сәйкес облыс көлемінде арнайы жұмыс тобы құрылып, құрамына облыс әкімінің орынбасарлары, аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың әкімдері, басқарма басшылары, депутаттар, білім саласы және инфрақұрылымға қатысты мекеме өкілдері енгізілді. Жұмысшы топтың отырысы айына кемінде 1 рет өткізіліп, өзекті мәселелер талқылануда. Әрбір білім ұясының құрылысы қатаң бақылауға алынды. Инфрақұрылымы, инженерлік жүйелері, жері, суы мен газы, электр жүйесі, жалпы әрбір өзекті мәселесін шешу жолдары жоспарланып, нақты жұмыс жүріп жатыр. Оқушылардың саны зерделеніп, қауіпсіздігі де басты назарға алынған. Сонымен бірге мектептердің жобасы, қолданылатын құрылыс материалдары мен жиһаздары бойынша да ортақ стандарт қабылданған. Ол мердігерлерге ұсынылды.
- Бүгінгі таңда жүйелі әрі жедел атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 2023 жылы құрылысы жоспарланған 29 мектептің 19-ының жер телімдері бөлінді. Құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізетін мердігер мен жобалаушы мекемелері анықталды. Ал қалған 10 мектеп бойынша «Samruk-Kazyna Construction» акционерлік қоғамы тарапынан сатып алу конкурсының ашылуы өткізілуде, - дейді облыс әкімі.
Қалған, осы жылға жоспарланған мектептердің де құрылыс жұмыстарын биыл бастау көзделген.