Түркістан облысы бойынша Ұлттық бірыңғай тест тапсыру кезеңі талапқа сәйкес ұйымдастырылып, жақсы өткізілді. Түркістан облысы білім басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлының айтуынша, 2022-2023 оқу жылында 30110 мектеп бітірушілердің (оның ішінде 23837 қазақ, 1848 орыс, 4149 өзбек, 276 тәжік) 23930-ы, яғни 79,3 пайызы Ұлттық бірыңғай тестілеуді тапсыруға өтініш берген екен.
- Ұлттық бірыңғай тестілеуді тапсыруға өтініш берген 23930 тестіленушінің тестілеу тапсырғаны – 23579, шығармашылық емтихан тапсырғандары 2897, ал тестілеуге 433 оқушы денсаулығына және басқа да түрлі себептерге байланысты қатыспады. Ұлттық бірыңғай тестілеу Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2023 жылғы 15 мамырдағы №206 бұйрығына сәйкес мемлекеттік грантқа түсу үшін тест тапсыру 2023 жылғы 16 мамыр мен 5 шілде аралығында өтті, - дейді басқарма басшысы.
Биыл мемлекеттік грантқа тапсыруға өтініш бергендер тестілеуден 2 рет өтуге мүмкіндік берілді. Аталған сынақ облыстағы 5 аудан, қала орталығында орналасқан Жетісай, Созақ, Сарыағаш, Сайрам, Түркістан тәуелсіз «USTUDY» тестілеу орталықтарында академиялық адалдықты қамтамасыз ету мақсатында ҰБТ «1 компьютер – 2 камера – 1 тестіленуші» қағидасын сақтай отырып, компьютерлік форматта жүргізілді.
Тестілеу 2 лекте, сондай-ақ, тестілеу орталықтарында 12 аудиторияда 500 компьютерлік орын дайындалып жүргізілді. Тестілеу барысы толығымен бейнежазбаға түсіріліп, бейнекамералар Ұлттық тестілеу орталығымен бақылауға алынды. Сөйтіп, мектеп бітірушілер толық тестілеуден өтіп, білім мен біліктіліктерін, мектептен алған білімдерін қорытындылап пысықтады.
- Бүгінгі таңда Ұлттық бірыңғай тест тапсырушылар толықтай сертификаттары мен аттестаттарын алды. Енді жоғары, арнаулы орта білім алу үшін құжаттарын түрлі оқу орындарына тапсыруда. Кейбірінің тапсыру емтихандары да басталып кеткен. Жалпы осыған дейін білім саласында басты мақсат оқушыға нақты білім, ғылым негіздерін оқыту болып келген еді. Ендігі кезекте балаларды елжандылыққа, адамгершілікке тәрбиелей отырып олардың бойындағы рухани танымы қалыптасқан, Отанын сүйетін патриот, жеке тұлға етіп тәрбиелеу мәселесі тұр. Яғни еліміздің ертеңі қандай болатыны жастарымыздың бойына қандай тәрбиені сіңіретінімізге тікелей байланысты. Жалпы патриотизм – өзіңнің кіндік қаның тамған жерге, өскен ауылыңа, қалаң мен аймағына деген сүйіспеншіліктен басталып, ол ұлтық мәдениетіңмен, әдет-ғұрп, салт-дәстүріңмен астасып жатуға тиіс. Бұл үдеден мектеп бітірген түлектеріміз шығуда. Олар еліміздің өркендеуі мен дамуына үлес қосатын болады деген сенімдемін, - дейді басқарма басшысы.