Түркістан қаласында біліммен қатар ғылыми жобамен айналысып жүрген мұғалімдер қатары артып келеді. Соның бірі №11 Түркістан колледжінде «Тамақтандыруды ұйымдастыру» мамандығы бойынша дәріс беретін педагог Жадыра Байдалы қымыздан балмұздақ пен сабын жасап шығарды.
Қазір таңда елімізде ғылым мен білімге жақсы көңіл бөлініп келеді. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында мұғалім мәртебесін көтеру, жастардың білім алуына бар жағдай жасалатындығын айтып отыр. «Әділетті Қазақстанды құру ісінде мұғалімдердің рөлі айрықша екені сөзсіз. Мемлекетімізде соңғы жылдары ұстаз мамандығының абырой-беделін арттыру үшін көп жұмыс жасалды. Дегенмен, бұл бағытта әлі де біршама өзгерістер жасау қажет. Педагогикалық жоғары оқу орындарын аккредитациялаудың жаңа стандарты қабылданады. Сондай-ақ, ұстаздардың құзырет аясы айқындалады. Жаһандық ғылыми-техникалық даму барысын ескерсек, жоғары сыныптарда жаратылыстану-математика пәндерін және ағылшын тілін оқытуды барынша күшейту маңызды», - дейді Президент Жолдауында. Президентіміз айтқандай бүгінгі техникалық және кәсіби білім беретін оқу орындары еңбек нарығының нақты сұранысына бейімделуі және еліміздің жаңа экономикалық бағдарының міндеттеріне сай болуы керек.
Ал өзімнің қолға алған жаңа жобаның мақсаты – ұлттық балмұздақтың биологиялық құндылықтарға бай және адам ағзасына пайдалы екенін дәлелдеу. Қымыз балмұздағының басқалардан айырмашылығы отта дайындалады және оның құрамы өзгермей, табиғи құндылығын сақтайды, -дейді Жадыра байдалы.
Оның айтуынша, сусынның құрамында түйіршікті ақуыздар бар, ол адам денсаулығына пайдалы табиғи иммундық қасиеттерге ие. Сонымен қатар, Жадыра емдік пайдасы бар саумал қосылған сабын шығара бастады. Жобаны мемлекет қолдайтын болса, эко өнімдерді болашақта Қазақстанның өзге өңірлері мен шетелге экспорттауды жоспарлап отыр.
- Біздің нарықта ұлттық өнімдер, оның ішінде қымыз өнімдерінің түрлері аз екенін байқауға болады. Балмұздақ жастарға да, балаларға да ұнайды. Қоспасыз биоөнімдер денсаулыққа да пайдалы, - дейді Жадыра Байдалы.