Сарыағаш ауданынындағы Көктерек кентіндегі №16 И.Панфилов атындағы жалпы орта мектебі күрделі жөндеуден өткізілуде. Аталған білім ордасындағы құрылыс жұмыстарының барысымен Түркістан облысының адами әлеуетті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Бауыржан Талғатұлы мен бөлім басшысы Дәулет Анасұлы танысты.
Қазіргі таңда мектеп ғимаратының құрылыс жұмысының конструкцияларының сенімділігі мен тұрақтылығын «АДС Эксперт» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі техникалық тексерістен өткізуде.
Серіктестік тарапынан жүргізілген зерделеу жүмыстары нәтижесінде бірқатар кемшіліктер анықталған. Атап айтсақ, ғимараттың бірінші қабаттың еденін торлы арматурамен қайта жабу және сумен жабдықтау желілерін қайта ауыстыру мердігерге тапсырылды.
Жоғарыда аталған кемшіліктерді ескере отырып және арнайы әзірленген жоба бойынша, мектептің жағдайын арнайы зерттеген сараптамалық топтың қортындысы бойынша мектеп апаттық жағдайда деп танылмаған. Тек қабырғаларының сетінеген жерлеріне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу қажеттілігі айтылған.
- Сарыағаш ауданы адами әлеуетті дамыту бөліміне қарасты №16 И.Панфилов атындағы жалпы орта мектебі 1979 жылы пайдалануға беріліпті. Бүгінгі таңда мұнда 1275 оқушы білім алуда. Нысанды күрделі жөндеуге тапсырыс беруші – аудандық білім бөлімі. Ол «АДС Эксперт» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ТО 17-2019 санды тапсырысы негізінде жасалған. Бас жобалаушы «Дербес құрылыс жоба» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Жобаға 285 826 миллион теңге бөлінген. Күрделі жөндеу жұмыстарының аяқталу мерзімі осы жылдың 25 тамызына белгіленген, - дейді Түркістан облысының адами әлеуетті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Бауыржан Талғатұлы.
Бұдан бөлек, Сарыағаш ауданында 5 білім ошағы күрделі жөндеуден өткізілуде. Ол білім мекемелері «Ауыл – ел бесігі» жобасы мен облыстық бюджет есебінен ретке келтірілуде. Құрылыс жұмыстары барысында білім ордаларының ішкі қабырғаларын қырып, қайта әрлеу, сырлау жұмыстары, сыртқы қабырғаларын толығымен металоцерепицамен қаптау және терезе, есік, электр желісі, жылу жүйесін жаңарту, мектептің шатыры ауыстыру жұмыстары жүргізілуде.
Атап айтсақ, «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Қызылжар ауылдық округіндегі №75 Жабаев атындағы, Қабланбек ауылдық округіндегі №36 Тоқмухамедов атындағы, Көктерек кентіндегі №16 Панфилов атындағы және Құркелес ауылдық округіндегі №8 Айни атындағы жалпы орта мектептерінде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ал, облыстық бюджет есебінен Қабланбек ауылдық округіндегі №13 Мәңгілік ел атындағы жалпы орта мектебі күрелі жөндеуге енген.
Аталған білім ордаларындағы құрылыс жұмыстарымен аудан әкімі Арман Абдуллаев апта сайын барып танысуда. Жобаға сәйкес, білім ошақтарындағы күрделі жөндеу жұмыстарын жаңа оқу жылына дейін аяқтап, пайдалануға беру жоспарлануда.