Ордабасы ауданының оқушылары жазғы демалысын лагерде өткізуде. Ордабасы ауданының әкімі Нұрбек Бадырақовтың айтуынша, аудандық адами әлеуетті дамыту бөліміне қарасты, жалпы білім беру ұйымдарындағы 9 бен 15 жас аралығындағы әлеуметтік аз қамтамасыз етілген, атаулы арнайы көмек алатын, арнайы есепте тұратын, 1000 үздік оқушыны қала сыртындағы лагерлерге жіберу жоспарланыпты.
- Балалардың жазғы сауықтыру лагерін ұйымдастыру ауданда белгіленген кестеге сәйкес жүргізілуде. Мәселен, қазіргі таңда Шұбарсу ауылында орналасқан жалпы білім беру ұйымдарынан 270 оқушы Төлеби ауданындағы «Тау шыңы», «Біркөлік шатқалы» жазғы сауықтыру лагерлерінде демалып жатыр. Осы жылдың 3тамызына дейін жоғарыда аталған жазғы сауықтыру лагерлерінде балалар толық қамтылатын болады, - дейді аудан әкімі.
Тау бөктерінде орналасқан жазғы сауықтыру лагерлеріне барған оқушылардың жүздерінде күлкі, көңілдері көтеріңкі, қуанышты.
– Жаз айлары – мектеп оқушылары үшін ерекше ықыласпен күтетін уақыт. Жыл бойы сабақ барысындағы тоқсан арасындағы берілетін күндер демалыс болып есептелгенімен, жаз кезіндегідей демалыстың мол мүмкіндігін бере алмайды. Денсаулықты нығайтуға қолайлы жазғы күндерді дұрыс пайдалану және әрбір баланың денсаулығын түзеуге және шынықтыруға ұмтылу, тыныға жүріп, түрлі бағыттағы іс-шараларға тарту арқылы тәрбиелеу маңызды. Балалар, жаз мезгілінде жазғы сауықтыру лагерлерінде, денсаулықтарын нығайтып, көңілді өткізуін тілейміз! – дейді Нұрбек Бадырақов.