Сайрам ауданының оқушылары жазғы сауықтыру демалыстарын көңілді өткізуде. Әсіресе, жазғы сауықтыру лагерлерінде балалар демалып қана қоймай, түрлі шараларға қатысу арқылы ойларын дамытып, денсаулықтарын нығайтуда.
Сайрам ауданы адами әлеуетті дамыту бөлімінің әдістемелік кабинетінің меңгерушісі Гүлнәр Нуртанованың айтуынша, «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры арқылы балалардың бос уақытын тиімді пайдалану, дарынды ауыл балаларының интеллектуалдық, шығармашылық қабілеттерін жетілдіру, қолдау көрсету мақсатында «Жазғы сауықтыру және демалыс жолдамасы» әлеуметтік жобасын іске асыру аясында демалатын оқушыларға тегін жолдама берілген. Сол жолдама аясында аудан оқушылары кезекпен Төлеби ауданында орналасқан «Қуаныш» лагерінде демалуда.
Гүлнәр Нуртанова онда демалып жатқан оқушылардың демалысымен арнайы барып, танысып, ұйымдастырылып жатқан іс-шараларға қатысып қайтты.
- Лагерь өмірі өте қызықты өтіп жатқандығын балалардың қуанышты жүзінен аңғару қиын емес. Демалыс орнында оқушылар үшін уақыттарын тиімді өткізіп, спорттық және интеллектуалдық шаралар ұйымдастырылуда. Балаларға жаңа дос тауып, көңіл көкжиегін кеңейтіп, жаз мезгілін барынша қызықты өткізуге жағдай жасалған. Сонымен бірге балалар лагерьде демалып қана қоймай, түрлі шараларға қатысу арқылы ойларын дамытып, денсаулықтарын нығайтуда, - дейді ол.