Кентау қаласында жылу маусымына дайындық жұмыстары басталып кетті. Аудан басшылығы бірінші кезекке білім ошақтарының алдағы жылыту маусымына дайындығын қойып отыр. Кентау қаласының әкімі Жандос Тасовтың айтуынша, қаладағы білім нысанының жалпы саны 40.
Оның 23-і мектеп болса, 14-і балабақша, 3 мектептен тыс мекеме бар.
Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов қаладағы бірқатар білім мекемелерінің нысандарын аралап, қысқы маусымға дайындық барысымен арнайы өзі барып танысты.
Қаладағы орталықтандырылған жылу жүйесіне 26 білім ошағы қосылған. Қалғаны шағын қазандықпен жылытылады. Сондай-ақ биыл екі мектепке газ қазандықтарын орнату бойынша жұмыстар атқарылуда. Қаладағы Д.Қонаев атындағы мектеп пен А.Молдағұлова атындағы №19 мектептің техникалық құжаттары мен жобалық сметасы жасалып, қаржы бөлінген. Бүгінде газбен жылыту жүйесін енгізу бойынша тиісті жұмыстар атқарылуда. Ал Кентау қалалық адами әлеуетті дамыту бөліміне қарасты мектептердегі анықталған кемшіліктер бойынша жауапты мамандар жөдеу жұмыстарын жүргізіп, жаңа оқу жылына дайындап жатыр.
Жалпы Түркістан облыста мемлекеттік 1275 білім беру мекемесінің жылыту қазандықтарын қатты отыннан табиғи газға ауыстыруға пайыздық мөлшерлемесін 50 пайыздан жоғарылату жоспарланған. Осы ретте облыста биыл 70 білім беру мекемесі қатты отыннан табиғи газға ауыстырылып жатыр. Сондай-ақ, бұдан басқа табиғи газға өту үшін техникалық шарт алуға және сметалық құжаттамасын әзірлеуге 30 білім беру мекемесі дайындалуда екен.