Түлкібас ауданында да «Мектепке жол» акциясы жоғары ұйымшылдықпен ұйымдастырылуда. Түлкібас аудандық білім бөлімінің басшысы Е.Кадырбектің айтуынша, жуырда аудандық мәдениет үйі алдындағы аллеяда «Жақсылықты жаса» ұранымен «Мектепке жол» акциясы аясында жәрмеңке өткізіліпті.
Жәрмеңке – аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан оқушыларға, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға оқу жылының басталуына дайындық кезінде материалдық қолдау көрсету және әлеуметтік себептер бойынша балалардың мектепке келмеуінің алдын алу аясында ұйымдастырылған.
Жәрмеңкеге қатысқан кәсіпкерлер оқу-құралдарын, мектеп формасын, мектепке қажетті құрал-жабдықтарды тұтынушыларға жеңілдетілген бағамен ұсынды. Жәрмеңкеге «Алатау текстиль», «Сабыров», «Алтынбеков», «Заря» жеке кәсіпкерліктері мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері және «Балалар аяқ киімі» акционерлік қоғамы мен Түлкібас ауданының сауда орталықтарының саудагерлері қатысып, өз заттарын нарық бағамынан 15-20 пайыз төмен бағада көпшілікке ұсынды.
- Осы аталған акция аясында ауданымыздың белсенді азаматтары, яғни демеушілер есебінен 500-ге жуық оқушыға мектеп формасы мен оқу-құрал жабдықтары тегін табысталып, балаларға қуаныш сыйлады. Жомарт жандар бастаған бұл қайырымдылық іс-шара талай бүлдіршіндерді қуантты, - дейді Е.Қыдырбек.