Арыс қаласында «Мектепке жол» акциясы аясында мектеп тауарлары мен оқу құралдарының жәрмеңкесі болып өтті. Жәрмеңке - ата-аналардың алысқа бармай-ақ балаға қажетті мектеп құралдарын бір жерден әрі төмен бағамен алу мақсатында ұйымдастырылған.
Қала әкімі Гүлжан Құрманбекова тұрғындармен бірге сөрелерді аралап, оқу құралдарының сатылымын бақылап көрді. Жаңа оқу жылының қарсаңында ұйымдастырылған акцияға жергілікті және Шымкент қаласынан 16-дан астам кәсіпкер қатысып, өз тауарларын нарықтағы бағадан төмен бағада ұсынды. Жәрмеңкеде қаламсап пен дәптерден бастап, мектеп формасы, аяқ киім мен сөмкеге дейін барлық мектеп құралдары бар.
Игі шарада қаланың қайырымды азаматтары мен кәсіпкерлері аз қамтылған, көпбалалы отбасында тұратын оқушыларға демеушілік жасап, мектеп формасы мен қажетті құрал жабдықтарды тарту етті. Сондай-ақ, қалалық мәдениет үйінің өнерпаздары тұрғындарға арнайы дайындаған концерттік бағдарламасын ұсынып, көтеріңкі көңіл күй сыйлады.