Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында білім, денсаулық пен бұқаралық спорт салаларын дамытуға баса мән беріп отыр. Әрбір сала бойынша ауданда атқарылып жұмыстар баршылық. «Орта білімнің сапасы – табысты ұлт болудың тағы бір маңызды шарты. Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс» дейді Президент
Жалпы мектептердегі білім сапасын арттыруға бүгінгі таңда жасалып жатқан игі істер де өз септігін тигізуде. Мәселен, Келес ауданында оқушыларға білім беретін 63 мектеп жалпы орта білім беру талаптарына сай жұмыс істеуде. Яғни, білім ордаларында әдіскерлер тарапынан білім сапасын арттыруға, оқу-тәрбие жұмыстарын жандандыруға арналған аудандық инновациялық тәжірибелік жобалар жүзеге асырылуда. Атап айтсақ, оқушылардың бейінін анықтап, дұрыс мамандық таңдай білуіне жағдай жасауға арналған «Перспектива», оқушылардың оқу сауаттылықтарын қалыптастырудағы белсенді оқыту әдістерінің рөлі мен маңызын ашу мақсатында «Сиқырлы қалам сырлары», жедел әдістемелік көмек көрсету мақсатында «Mobile teachers» жобалары іске аырылып жатыр.
Бұдан бөлек, қалдықтарға байланысты экологиялық мәселелерді шешуге арналған «Eco Cashback», жаңа технологиялар арқылы оқушылардың білім деңгейін арттыруға арналған «АКТ сауаттылығы», жас маманның кәсіби және тұлғалық дамуына қолдау көрсету мақсатында «Жас мұғалімдер мектебі» жобасы жұмыс істеуде. Сонымен қатар қазақтың ұлттық ойынын дамыту үшін «Асық ату», үздіксіз психологиялық қолдау мақсатында «ЖылуLive» жобасы қолға алынған.
Бүгінгі таңда оқушылардың білім дағдысын қалыптастырып, уақыт талабына сай білім беретін 17 жетекші мектеп 46 серіктес мектеп жұмыс істейді. Жетекші мектептер оқу-әдістемелік, ғылыми-практикалық, тәжірибелік әдістемелік қолдау шараларын үздіксіз көрсетіп келеді. Ондағы ұстаздардың барлығы дерлік республикалық, облыстық деңгейдегі бейін бойынша біліктілік арттыру курстарында біліктілік арттырған.
Мұғалімдер 2022-2023 жылы оқушылардың ғылыми-жаратылыстану және оқу сауаттылығын, сындарлы ойлауын дамыту, креативті ойлауын дамыту бойынша пән мұғалімдерінің кәсіби құзыреттіліктерін дамыту мақсатында: «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығында» – 300 ден аса мұғалім; «Назарбаев Зияткерлік мектептер» Педагогикалық шеберлік орталығының базасында – 400 мұғалім өз біліктіліктерін арттырды.
Мұғалім біліктілігі артқан сайын, шәкірттер жетістігі де ұлғая түскен. I-Qanat олимпиадасының республикалық кезеңіне ауданымыздың 19 оқушысы іріктелді. Облыстық «М.Мақатаев» оқуларына қатысқан 3 оқушымыз жеңіс тұғырынан көрінді. Дарынды оқушыларымыз «Абайтану», «Мәшһүр Жүсіп оқулары» «Ілияс оқулары» «Әбіш оқулары», «Жарқын болашақ», ProEco, «Ясауитану», «Менің кіші Отаным» сияқты байқаулардың облыстық кезеңдерінде жүлдемен оралып келеді. Мұғалімдер арасында өткен «Поэзия әлемі» байқауында қатысқан 8 қазақ, орыс, ағылшын тілі пән мұғалімдерінің барлығы облыстан жүлдемен оралды. Павлодар облысы Баянауыл ауданында өткен 9-сынып оқушыларына арналған республикалық «Қ.Сәтбаев» олимпиадасында №39 Л.Жолдасов атындағы жалпы орта мектебінің 9-сынып оқушысы Тұрсынбай Ақсұлу жүлделі III-орынға ие болды.Төле бидің 360 жылдығы, Қазыбек бидің 355 жылдығы және Әйтеке бидің 340 жылдығына арналған «Дала данышпандары» тақырыбындағы іс-шаралар жоспары түзіліп, аудан көлемінде түрлі байқаулар ұйымдастырылды. Аудандық кезең жеңімпаздары облыстық кезеңде біршама жетістіктерге қол жеткізді. Айта кету керек, 8-сынып оқушысы Жолдасбек Айтжан Ақтау қаласында өткен республикалық «Әбіш оқулары» байқауында 2-орынға ие болды.
«Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы ұйымдастырған жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпаданың облыстық кезеңіне 42 оқушы қатысып, оның ішінде 16 оқушы марапатталды. Атап айтқанда оқушыларымыз 10 жүлделі орын мен 6 алғыс хатты иеленді.
Аудан педагогтері халықаралық зерттеулерге белсенді түрде қатысып келеді. 2021 жылы PIRLS зерттеуіне аудан бойынша 2 білім беру ұйымының 5-сынып білім алушылары қатысты. Өткен оқу жылы PISA халықаралық зерттеуіне 1 мектеп қатысты, N57 Ә. Жангелдин атындағы жалпы орта мектебі оқу сауаттылығы бойынша Қазақстан бойынша деңгейден 5 балл жоғары болды, жаратылыстану сауаттылығынан Қазақстан бойынша деңгейден 6 балл жоғары нәтиже көрсетті. Биыл бұл халықаралық зерттеу N2, 24,29,11,26 мектептерде өтті. Айтап айтсақ, ICILS халықаралық зерттеуіне аудан құрылғалы мектеп оқушылары алғаш рет қатысты. Бұл зерттеуден 3 мектеп өтті.
Кәмелетке толмағандар арасында құқық бұзушылық саласында да бірқатар істер атқарылып келеді. Ауданда полиция бөлімінде есепте тұрған балалар санының кему процессі байқалады. Өткен жылы 26 оқушы есепте тұрса, биыл 13 оқушы тұр. 13 оқушы тәртібінің жақсаруына байланысты есептен алынды. Білім алушылардың функционалдық сауаттылықтары мен әмбебап құзырлылықтарын қалыптастыруға қол жеткізетін бағыттардың бірі – құндылыққа негізделген оқыту мен тәрбие бағдарламасы. Бағдарламаның шешуші идеясы оқу-тәрбие процесін білім алушыларды ұлттық құндылықтар негізіндегі жалпыадамгершілік құндылықтарға баулуға бағыттау. Өткен оқу жылында құндылықтарға негізделген оқу-тәрбие бағдарламасын іске асыру шеңберінде «Оқуға құштар мектеп», «Отбасы – орта мектеп», «Құқықтық сана – қауымға пана», «Дәстүр мен ғұрып», «Еңбек – елдің мұраты», «Үнем – қоғам қуаты», «Ерте жастан бастап экологиялық мәдениет», «Психологиялық көмек көрсету және мектептің татуластыру қызметтерін ұйымдастыру», «Қоғамға қызмет», «Мектеп өмірінің бір күні», «Дебат» қозғалысы, Оқушылардың «Өзін-өзі басқару» ұйымдары, «Өзін-өзі басқару күні», «Өзін-өзі басқару аптасы», «Музей сабақтары» – «Музей күні», «Театр сабақтары» сияқты жобалар іске асуда.
Ауданда 98 мектепке дейінгі ұйымдар қызмет етуде. Оның 12-і мемлекеттік, 84-і жекеменшік, 2-і мектеп жанындағы шағын орталық. «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасында 3-6 жастағы балаларды мектепке дейінгі оқыту мен тәрбиемен қамтуды 100 пайызға жеткізу межеленген. Ол мекемелерге бірінші кезекте 3-6 жастағы балалар қабылдануда. Биыл мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру әдістемесіне сәйкестендіру бойынша жұмыстар жүргізілді. Ол мектепке дейінгі білім беру ұйымдарын лицензиялау ондағы тәрбие мен оқытудың сапасын арттыруға үлкен көмек болмақ. Яғни, басты құндылық балалардың қауіпсіз ортада тәрбиеленуі, педагогтерге қойылатын біліктілік талаптардың сақталуы және тәрбие мен білімнің сапасы артады. Барлық балабақшаларға кезекке қою, жолдама беру, қабылдау «Balabagsha.snation» жүйесімен толық автоматтандырылған. Ендігі кезекте балалардың балабақшаға келуін есепке алуды автоматтандыру жұмыстары жүргізілетін болады. Яғни, бұл дегеніміз нақты бала санын келіп-кетуінің ашық жүйесі орнатылады деген сөз. Сонымен қатар, осы бағытта балабақша педагогтеріне арналған оқу-әдістемелік кешенімен, көмекші материалдардан тұратын BilimKids.kz онлайн білім беру платформасын енгізілу жұмыстарын бастаймыз. Келес ауданында мектепке дейінгі білім беру ұйымында гидропоника мен робототехниканың қыр-сырын да үйретіп жүр. Балабақшаларда көлеңкелі театр, STEAM, робототехника, Мария Монтессори, Суджок кабинеттерімен жабдықталған. Аудандағы кейбір жекеменшік балабақшаларда гидропоника кабинеті де жұмыс істейді. Мұнда тәрбиеленушілер өсімдіктің өсу процессін бақылай алады. Ол үшін арнайы жабдық та сатып алынған. Бұл дегеніміз өсімдіктерді топырақсыз, жасанды ортада – қоректік заттардың судағы ерітіндісінде өсіру. Өсімдікті топырақсыз өсірудің бірнеше тәсілі де бар.
Білім ордаларын күрделі жөндеуден өткізу мен жаңа мектептер салу назарымызда. Бала санының өсуін ескере отырып «Жайлы мектеп» ұлттық жоба аясында ауданда 5 мектеп салыну жоспарланған. Биыл Абай ауылында 600 орындық, Біртілек елдімекенінде 300 орындық, Ғ.Мұратбаев елдімекенінде 600 орындық, 2024 жылға Жуантөбе елдімекеніне 300 орындық, Ескіқорған елдімекеніне 300 орындық мектеп құрылысы жүргізілмек. Сонымен қатар ауданда жекеменшік нысандағы мектептер саны да артуда.
Оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету де басты назарында. Осы мақсатта аудандағы 20 мектепке турникет орнату жұмыстары қолға алынып жатыр. Сондай-ақ мектептерді бейнебақылау камераларымен жабдықтау мақсатында қаржы бөлінді. Білім мекемелерінде қыркүйек айынан бастап жекеменшік күзет агенттіктері жұмыс жасайтынын да айта кету керек.
Аудандағы 13 мектептің қоршауларына жөндеу жұмыстары қажет етеді. Қазіргі таңда бұл мәселені шешу үшін сметалық құжаттары жасалып қаржы қаралды. 2023-2024 жаңа оқу жылында мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланды, жеңімпаз анықталған соң талапқа сай қоршау орнатылатын болады.
Білім ордаларының материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында жаңа оқу жылына 1700 парта, 600 оқу тақтасы пайдалануға берілуде. Оқушыларды қосымша білім берумен қамтамасыз ету мақсатында сабақтан тыс уақытта 12400 оқушы шығармашылық үйірмелермен, 9280 оқушы спорттық секциялармен қамтылған. Оқушыларды толық қосымша білім берумен қамту үшін жеке меншік үйірмелер де жұмысын бастағанын атап өткен жөн.
Жолдауда жүктелген міндеттер аясында ауданда жоғарыда аталған салаларға серпін беріліп көптеген жобалар жүзеге асырылып жатқанын көріп отырмыз. Білім сапасының жоғарылауы, материалдық жағдайының жақсаруы, тәрбие жұмысының көтерілуі ауданнның жақсы имиджін қалыптастыруда.