Жетісай ауданында «Жайлы мектеп» жобасы аясында 6 мектеп салынады

Мектеп құрылысы саласында қарқын бар. Жетісай ауданында «Жайлы мектеп» жобасы аясында білім ошақтары салынуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында білім саласына баса мән берді.

Screenshot_22.jpg

«Орта білімнің сапасы – табысты ұлт болудың тағы бір маңызды шарты. Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс. Сол үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынды» дейді Президент.

Биылдан бастап Президентіміздің тапсырмасымен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын қолға алынды. Мемлекет басшысы Жолдауында «Біз 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте оқуына жағдай жасаймыз. Осылайша, апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесін толық шешеміз. Бұл ауыл және қала мектептерінің айырмашылығын едәуір азайтады. Жалпы, мектеп салу Үкімет және әкімдіктер үшін басты міндеттің бірі болуы керек», дей отырып, әрбір өңірдің ерекшелігіне қарай мектеп салуды тапсырды. Бүгінгі таңда ауданымызда осы «Жайлы мектеп» жобасы арқылы 6 нысан құрылысы жоспарланған. Атап айтсақ, жоба аясында Жетісай қаласында 1500, Асықата кентінде 900, Ынтымақ ауылдық округіне қарасты Ақниет ауылында 600 орындық мектеп құрылысының жұмыстарын биыл бастау жоспарланған. Қазіргі таңда ол мектеп орындары анықталып, құрылыс жұмыстары басталып кетті. Бұл үш нысанның құрылыс жұмыстары 2024 жылға өтпелі. 

Ал алдағы жылы Жетісай қаласында, Ш.Ділдәбеков пен Қызылқұм ауылдық округтеріндегі Қызылтаң мен Қызылқұм елді мекендерінде әрбірінің қуаттылығы 600 орындық мектеп құрылысын бастау жоспарланған. Аталған елді мекендегі «Жайлы мектеп» жобасы аясында салынатын мектептердің құрылысы 2024 жылы басталып, 2025 жылы пайдалануға беріледі.

Бұдан бөлек, ауданда құрылыс жұмыстары жүріп жатқан бірнеше білім ошағы бар. Атап айтсақ,  Қазыбек би ауылдық округіне қарасты Құрбан ата ауылындағы №14 Н.Оңдасынов атындағы жалпы орта мектебі жанынан 150 орындық қосымша оқу ғимараты салынып жатыр. Оны 1 қыркүйек күні пайдалануға беру жоспарланған. Келесі мектеп құрылысы Атамекен ауылдық округіндегі Атамекен ауылында жүргізілуде. Ондағы №69 Жібек жолы жалпы орта мектеп үш ауысымға өту қаупін алдын алу мақсатында 300 орындық жаңа мектеп соғылған. Оны да жаңа оқу жылында пайдалануға беру жоспарланып отыр. Ал Асықата кенті Әл-Фараби атындағы жалпы орта мектебі үш ауысымға өту қаупін жою мақсатында мектеп жанынан қосымша оқу ғимапаты салынып 1 қыркүйекте есігін ашпақ. 

Ағымдағы жөндеуден бүгінде екі білім ошағы өткізілуде. Атап айтсақ, Соның бірі Ж.Ералиев ауылдық округіндегі Үтіртөбе ауылында орналасқан Қ.Сәтбаев атындағы жалпы орта мектебі. Онда бүгінгі таңда мектептің мәжіліс залының шатыры ауыстырылып, ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Кейбір кабинеттердің едендері ауыстырылуда. Сондай-ақ мектеп ауласынан кіші футбол алаңы салынуда. Ал келесі нысан Жылысу ауылында орналасқан. Ондағы М.Шоқай атындағы жалпы орта мектебінің ішкі жылу жүйелері ауыстырылуда. Қос нысандағы ағымдағы жөндеу жұмыстарын қыркүйекте аяқтау жоспарланған. 

Мектептерде оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында бөлімге қарасты 73 білім беру ұйымына камера орнату жоспарланған. Бүгінгі таңда 300 оқушыдан жоғары 63 мектепке арнайы лицензиясы бар күзет қызметімен қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Ал, 700 оқушыдан жоғары 24 мектепке турникет, оқушы саны 100 оқушыдан жоғары 72 мектепке дабыл батырмасын орнатылуда. Бөлімге қарасты 19 мектепке толықтай қоршаумен қамтамасыз ету жоспарланған. Сонымен қатар биыл бөлімге қарасты 8 мектептің жылыту қазандықтарын қатты отыннан табиғи газға ауыстыру жұмыстары жүргізілуде. 

Бүгінгі таңда Жетісай ауданының адами әлеуетті дамыту бөліміне қарасты жалпы 25 мектепке күрделі жөндеу жұмыстары қажет. Атап айтсақ, Қазыбек би ауылдық округі, Ә.Оспанов ауылында орналасқан Амангелді жалпы орта мектебіне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін демеушілік есебінен жобалық-сметалық құжаты дайындалып, ведомствадан тыс сараптаманың оң қорытындысы алынған. Атамекен ауылдық округіндегі  Жемісті ауылында орналасқан Қазыбек би және Қазыбек би ауылдық округіндегі Қазыбек би ауылындағы Түркістан жалпы орта мектептеріне жобалық-сметалық құжатын дайындау үшін қажетті қаржы қаралған. Сонымен қатар, Н.Исмайлов, С.Қожанов, Дәрімбаев атындағы және Қызылқұм, Қайнар мектептеріне жобалық-сметалық құжаттамасын дайындау үшін әр мектепке 2 миллион теңгеден бөлінген. Құжаттандыру жұмыстары жалғасуда. 

Шешімін күткен мәселелер де жоқ емес. Мәселен, Жаңа ауыл ауылдық округі Мырзашөл елді мекенінде 305 отбасында 1300 тұрғын бар. Елді мекендегі 329 оқушы көршілес жатқан Мақтаарал ауданы Достық ауылдық округі Бескетік елді мекенінде орналасқан М.Ғабдуллин атындағы жалпы орта мектебінде білім алуда. Екі елді мекен арасын аудандық маңызы бар автожол бөліп тұр. Жаңа ауыл ауылдық округі Мырзашөл елді мекенінен 200 орындық мектеп құрылысына жобалық сметалық құжат дайындалып, сараптау қорытындысы алынған. 2021 жылғы қолданыстағы бағалар бойынша құрылыстың жалпы сметалық құны 932,786 миллион теңгені құрайды. Бүгінгі таңда жасалған жобалық сметалық құжатқа (ЖСҚ) қайта өңдеу жұмыстарын (корректировка) жүргізу үшін ЖСҚ дайындаған мердігер мекеме «Прикаспийское управление строительства-Шымкент» ЖШС-мен екі жақты келісім (мемарандум) арқылы ЖСҚ-ны қайта өңдеу үшін жұмыстар жүргізілуде.

Сондай-ақ Абай ауылдық округі Алтын кемер елді мекенінде Жеңістің 50 жылдығы жалпы орта мектебі 1990 жылы салынған ыңғайластырылған ғимаратта 232 оқушы білім алуда. Жалпы ауылда 135 отбасы, 1074 тұрғын бар. Ондағы елді мекенінен 200 орындық мектеп құрылысына жобалық сметалық құжат дайындалып, сараптау қорытындысы алынған. 2021 жылғы қолданыстағы бағалар бойынша құрылыстың жалпы сметалық құны 955,938 миллион теңге. Бүгінгі таңда жобалық-сметалық құжаттары қайта жасалуда. Дәл осындай жағдай Мақталы ауылдық округі, Теміржол елді мекенінде бар. Ол елді мекенде 300 орындық мектеп құрылысын салуға бөлінген 3 гектар  жер учаскесіне  акт алынып, жер кадастры және жылжымайтын мүлік бойынша Жетісай аудандық бөлімінде тіркелді. Осыған орай, Түркістан облысының адами әлеуетті дамыту басқармасына аталған жер учаскесіне мектеп құрылысын салу үшін сәулет-жоспарлау тапсырмасын (СЖТ) дайындау жөнінде хат жолданып, сұраныс берілген.

Айта берсе, осындай мәселелер Ж.Ералиев ауылдық округі, Абай елді мекенінен 200 орындық мектеп құрылысының, Жетісай қаласы, №6 Б.Момышұлы мектебіне қосымша 100 орындық жобалық сметалық құжатқа қайта өңдеу жұмыстарына қаржы қажет екен.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Сайрамда бірқатар азаматтар марапатталды
  • «Мәңгілік жаса, қыран елім Қазақстан» шарасы өтті
  • Ақындар елдікті жырлады
  • Туған жерді түлету - жастардың қолында
  • Балаларды отансүйгіштікке баулу парыз
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер