Төлеби ауданында қазақтың төбе биі Төле Әлібекұлының туғанына 360 жыл және танымал әуесқой суретші, кезінде картиналары Ұлыбритания көрмелерінде қойылған тума талант, сыршыл қылқалам шебері болған Молдағали Қалдыбаевтың туғанына 95 жыл толуына орай жас суретшілердің аудандық фестивалі ұйымдастырылды.
«Ауыл табиғаты балалар көзімен» тақырыбында өткен аталмыш фестивальға төлебилік оқушылар белсене қатысты. Солардың бірі–Сезім Қалден фестивальдің І орын иегері атанды. Ал Майра Бекпатша ІІ орыннан көрінді. Сандуғаш Әміртайқызы ІІІ орынға лайық болды.
Сондай-ақ, үш оқушы номинация бойынша марапатталды.
Бір айта кетерлігі, жоғарыда аттары аталған оқушылардың үшеуі де Төлеби аудандық көркемсурет мектебінің тәрбиеленушілері.
Осылайша жас қылқалам шеберлері «Төлеби ауданы – суретшілер отаны» деген сөздің бекер айтылмағанын дәлелдеді.
Айта кетейік, аталымыш білім ошағы тәрбиеленушілердің рухани-адамгершілік қасиеттерін тәрбиелей отырып, олардың көркемдік және шығармашылық қабілеттерін дамыту бағытында жұмыс істейді. Оқушылар кескіндемемен, графикамен сурет салып, ағаштан мүсін оюға үйренеді. Ұстаздар балалардың бейнелеу қабілеттерін, көркемдік талғамын, шығармашылық қиялын шыңдап, жас ерекшеліктеріне орай көркемсурет өнеріне шыңдайды.