Қазіргі таңда мектеп қабырғасында тәрбие жұмысының рөлін күшейтуге көп көңіл бөлінуде. Осы ретте Түркістан облыстық Білім беруді дамыту орталығының «Тәрбие және әлеуметтік-психология» кафедрасы "Біртұтас тәрбие бағдарламасын, тәрбиенің жылдық жоспарын талдау, сараптау мақсатында кезектен тыс шығармашылық топ отырысын өткізді.
2023-2024 оқу жылының тәрбие жоспарын талқылап, тәрбие жұмысының біртұтас кешенді бағдарламасына талдау жасады. Сондай-ақ, отырыста мектепішілік ішкі тәртіп ережесінің жаңа формасын және ата-анамен келісім шарттың бірыңғай формасын әзірлеу т.б. әртүрлі мәселелер талқыланды.
Шығармашылық топ отырысына аудандық, қалалық білім бөлімдеріне қарасты білім беру және техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының облыстық шығармашылық топ жетекшілері қатысты.
Айта кетейік, Ұлттық құрылтайдың отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев білім беру саласына қатысты бірқатар негізгі міндеттерге тоқталған болатын. «Ұлттық тәрбие – ел болашағы» тәрбиесінің тұжырымдамалық негіздері енгізіліп жатыр. Жаңа оқу жылынан бастап 2023-2025 жылдарға арналған Біртұтас тәрбие бағдарламасы іске асырыла бастайды. Бұл құжат жалпы адамзаттық және ұлттық құндылықтар негізінде өскелең ұрпақты тәрбиелеу сапасын арттыруға бағытталған.