Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев Дербісек ауылдық округі, Дербісек елді мекенінде салынып жатқан 900 орындық «Жайлы мектептің» құрылыс жұмыстарымен танысты.
— «Жайлы мектептің» ерекшелігі — мектепте оқушы үшін де, мұғалім үшін де жан-жақты қолайлы жағдай жасалады. Бастауыш және жоғары сынып оқушылары мектепте бөлек блоктарда оқиды. Әр блокта оқу кабинеттері, дәретханалар, спортзалдар болады. Балалар үшін бейнебақылау, дыбыстық хабарлау және басқа да күшейтілген қауіпсіздік шараларын орнату көзделіп отыр. Оқушыларға ыңғайлы болу үшін оқу құралдарын сақтауға, ауыстырып киетін киімге арналған жеке шкафтар, сондай-ақ кітап оқуға, балалардың шығармашылық дамуы мен демалуына тиісті жағдайлар қарастырылады. Жайлы мектеп қолданысқа берілгеннен кейін мұғалімдер үшін және өзге де жұмыс орындары ашылады, — деді аудан басшысы.
Айта кетсек, аталған «Жайлы мектеп» құрылысын жүргізу үшін «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамы тарапынан қаржы бөлінген. Қазіргі таңда, мектептің қазан шұңқырын қазу жұмыстары жүргізілуде.
Құрылыс жұмыстарының басында болған аудан әкімі Арман Абдуллаев бүгінгі күнге дейін атқарылған құрылыс жұмыстарының жағдайын саралай отырып, жауапты мердігер мекеме басшысына алдағы уақытта да құрылыс жұмыстарының барысын өзі келіп қадағалап тұратынын жеткізді.