Бүгін Бәйдібек ауданы әкімінің орынбасары Берік Тұрлыбеков Жамбыл ауылындағы мектепте өткен білім күні мерекесіне арналған алғашқы қоңырау салтанатты жиынына қатысты. Аталған мектептің оқушылары мен ұстаздарын білім күнімен құттықтап, бірқатар ұстаздарға құрмет көрсетті. Берік Нұрғалиұлы құттықтау сөзінде ауданымыздың білім саласындағы жетістіктеріне тоқталып, республикалық олимпиадаларда жүлделі орындардан көрінген ұстаздар мен оқушыларға аудан әкімінің алғысын жеткізді.
«Елімізде білім саласының дамуына ерекше көңіл бөлініп, оқушыларымыздың сапалы білім алуына барлық жағдай жасалып келеді. Мемлекет басшысының арнайы тапсырмасымен «Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасы әзірленді. Жоба аясында Шаян ауылынан 300 орындық жаңадан 1 мектептің құрылысы басталып жатыр. Бұл мектеп келесі жылы пайдалануға беріледі.
Ауданымыздағы білікті де білімді ұстаздарымыздың шәкірттеріне берген тәрбие мен білімдерінің нәтижесімен жоғары жетістіктерге жетіп келеді. Ауданымыздағы 9-11 сыныптар арасында республикалық олимпиаданың облыстық кезеңіне қатысқан Шаян көпсалалы лицей, М.Әуезов, С.Әбдіжаппаров, Жаңаталап, Қосбұлақ, Абай, О.Орманов, Жиенқұм, Өтешов мектептерінің оқушыларымыз 3 алтын, 4 күміс, 8 қола, 3 номинация иегері атанды. 5-6 сыныптар арасында өткізілген республикалық олимпиаданың облыстық кезеңіне 8 оқушымыз қатысып, 1 алтын, 1 күміс, 5 қола, 1 номинация иегері атанды. Республикалық кезеңге қатысқан Қосбұлақ мектебінің оқушысы І орыннан көрініп, ауданымыздың мерейін республика деңгейінде паш етті. Бастауыш сыныптар арасында өткізілетін дәстүрлі «Бастау» ХVІ республикалық олимпиаданың облыстық, республикалық кезеңдерінің қорытындысымен білімді шәкірттеріміз облыста Бәйдібек ауданы жалпы командалық есеппен І орын жеңімпазы атанды.
Құрметті ұстаздар, оқушылар! Жаңа оқу жылында да білім саласының дамуына өз үлестеріңізді қосып, алған білімдеріңіздің арқасында жоғарғы жетістіктерге жете берулеріңізге тілектеспін! Жаңа оқу жылы құтты болсын!»,- деді Берік Нұрғалиұлы.
Мерекелік шарада мектеп оқушылары білім күніне арналған концерттік бағдарламасын ұсынды.
Жалпы Бәйдібек ауданындағы 50 мектепте бүгін алғашқы қоңырау соғылды. Биылғы жаңа оқу жылында бірінші сыныпқа 1100-ге жуық оқушы барды. Аудандағы мектептердегі жалпы 13000-жуық оқушымен педагогтар оқу-тәрбие жұмыстарын бастады.