Түлкібас ауданының білім бөліміне қарасты Таусағыз ауылы, Г.Титов атындағы жалпы орта мектебінде 1 қыркүйек - «Білім күні» және мектеп жанынан қосымша 150 орындық ғимарат салтанатты түрде ашылды.
Жаңа ғимараттың ашылуына арнайы келген аудан әкімі Нұржан Ізтілеуов , білім бөлімінің басшысы Ержан Қадырбек ұстаздар мен оқушыларды Білім күнімен құттықтап, мектеп табалдырығын жаңадан аттағалы тұрған 1- сынып оқушыларына сәттілік тіледі.
Көп жылдан бері бала санының артуына байланысты өзекті мәселенің бірі болып келген Г.Титов атындағы жалпы орта мектебін ұлғайту мәселесі осылайша өз шешімін тапты.
Өткен жылдан өтпелі болып құрылысы жүрген жаңа ғимаратта 12 кабинет қарастырылған. Оның 4-і арнайы пәндерге ыңғайластырылып жабдықталған сыныптар. Қосымша ғимараттың құрылысымен бірге мектептің ескі ғимараты да толық жөндеуден өтіп, ауласы абаттандырылуда.
Мерекелік шарада «Аманат» партиясының аудандық филиалының төрағасы Қ.Еркебаев және ауыл ақсақалдары құттықтау сөз алып, ауыл тұрғындарын жаңа білім нысандарымен құттықтап, мерекелік лебіздерін білдірді.
Жаңа ғимараттың лентасын қию рәсімінен соң, жиналған қауым жаңа нысанды аралап, білім күніне орай ұйымдастырылған «Мектебім мейірім мекені» тақырыбындағы ашық тәрбие сабақтарына қатысты.
Айта кетейік, бүгін ауданда 60 жалпы орта мектепте алғашқы қоңырау соғылды. Онда 23 мыңнан астам оқушы білім алса, соның ішінде 2204 оқушы мектеп табалдырығын алғаш рет аттап отыр.