Сауран ауданы Шаға ауыл округіндегі Қ.Бегманов атындағы жекеменшік бастауыш мектеп гимназиясында бүгін алғаш рет қоңырау соғылды. 150 балаға арналған мектептің табалдырығын бүгін 30 бала аттады. Салтанатты шараға аудан әкімінің орынбасары Ербол Жанғазиев арнайы қатысты. Мерекемен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.
-Құрметті ұстаздар, оқушылар және ата-аналар! Сіздерді бүгінгі алғашқы білім күнімен шын жүректен құттықтаймын! Cіздер үшін бүгін маңызды, себебі мектеп табалдырығын аттаған күн. Қазақстанның болашағы - сіздердің қолдарыңызда. Сондықтан, сабақтарыңызды жақсы оқып, еліміздің өркендеуіне өз үлестеріңізді қосады деп сенім білдіремін. ХХІ ғасырда білімін дамыта алмаған елдің тығырыққа тірелері анық. Сондықтан оқушыларымыз білімге ден қойып, еліміздің өркендеуіне өз үлестерін қосып, білімді де білікті маман болулары тиіс. Осы мектептен Қ.Бегмановтай тұлғалар шыға берсін,-деді Ербол Ұласбекұлы.
Мектепке қоғам қайраткері, ақын Қ.Бегмановтың атының берілуі де тегін емес. Өскелең ұрпақ өз туған жеріміздің таланатты адамдарын біліп өскені дұрыс. Қасымдай ақын Сауран жұртшылығының мақтанышы. "Тумасаң да ұқсап бақ" деген бар. Осы мектепте білім алып жатқан әр балаға Қасымхан өлеңдерін жаттап өссе біз үшін үлкен жетістік сол дейді, - құрылтайшы Тоты Көшенова.
Мектеп заман талабына сай. Жобаның құны 250 миллион теңге. 4 сынып бар. Ауыл балаларына тәжирибелі ұстаздар білім береді. 9 түрлі үйірме жұмыс жасайды. Жаратылыстану пәні бағыты бойынша тереңдетіліп оқытылады. Арнайы спорт залы бар. Құрылтайшы есебінен балаларға бір мезгіл ыстық тамақ беріледі. Мектептің ресми ашылуы жақын арада Қ.Бегманов пен оның әндерін орындайтын сахна жұлдыздарының қатысуымен өтеді деп күтілуде.
Айта кетейік, Сауран ауданы бойынша 7 жекеменшік мектеп бар.