Өткен жылы Түркістан облысы мектептерінде жаңадан 60 арнайы пән кабинеті жабдықталған. Атап айтқанда, физика – 15, химия – 15, биология – 18, STEAM 12 алынды. Ал, биыл 4 есеге артып, 240 пән кабинеттерін алуға 3,1 млрд. теңге бөлінді. Нақтырақ айтсақ, физика – 64, химия – 48, биология – 64, STEAM 64 кабинеті жаңаруда.
Өткен оқу жылында біздің облыс оқушылары жоғары жетістіктерге қол жеткізді. Республикалық, халықаралық ғылыми жоба байқаулары мен пән олимпиадаларында оқушыларымыз 9 алтын, 18 күміс, 20 қола медаль иеленді.
Жалпы, республикалық «Ұлттық мектеп лигасы» жарысында облыс оқушылары 13 алтын, 4 күміс, 8 қола медальға ие болып, жалпыкомандалық есепте үш жыл қатарынан 1-орыннан көрінді.
Соңғы үш жылда жас ұландарымыз республикалық «Айбын» әскери-патриоттық жиынында жүлделі бірінші, екінші, ал, «Жас құтқарушы» сайысында екі жыл қатарынан 1-орынды иеленді.
Түркістан облысында кәсіптік білім алуға ниетті жастар үшін колледждердегі мемлекеттік тапсырыс көлемі артты. Республикалық бюджеттен қаралған 15 300 грант толық игерілді. Өткен жылмен салыстырғанда колледж студенттерінің саны 4 мыңға көбейді. Өткен жылы колледждерге 17 мың грант бөлініп, оның 11 110 гранты игеріліп, қалған 6 900 орыны игерілмей кері қайтарылған еді.
Сонымен қатар, қыркүйек айынан бастап колледж студенттерінің шәкіртақылары 27 мыңнан 37 мың теңгеге артып отыр.