Айтыс өнері жайлы шеберлік сағаты өтті

image.png

Түркістан облысының білім басқармасының Түркістан қалалық білім бөліміне қарасты  «Балалар мен жасөспірімдер орталығы» МКҚК  және  «Өнер мектебі» МКҚК-нің ұйымдастыруымен "Төрт тоқсан - төрт өнер" ұлттық мәдени-ағартушылық жобасы аясында Ұлттық рух пен патриотизмді, өз халқына және оның дәстүрлеріне құрмет сезімін тәрбиелеу, эмоционалды интеллекті қалыптастыру мақсатында қазақ халқының ұлттық құндылығы, шешендік өнердің баға жетпес мұрасы айтыс өнері  жайлы шеберлік сағаты өтті.  

 Айтыскер ақын, Республикалық «Алтын домбыра» иегері, «Наурыз» Ұлттық сыйлығының  «Үздік айтыскер» ақыны, балалар мен жасөспірімдер орталығының директоры Шойбеков Бекарыс Ақсақалұлы сөз бастап, айтыс өнерінің бүкіл табиғи болмысын  оның қазаққа етене жақын екенін, ұрпақтан ұрпаққа мұра болған   қасиеті жайлы  баяндап өтті. 

 Айтыс түрлеріне кеңінен тоқталды, әсіресе,  қазақ айтысының түрлері түре айтыс, сүре айтыс, қыз бен жігіт айтысы, жұмбақ айтысы, бәдік айтысы, жар-жар айтыстары жайлы оқушыларға кеңінен әңгімеленді. «Өнер» мектебінің  директоры, мәдениет саласының үздігі  Тұрар Тілеулиев  шәкірттері «Ақындар» сыныбының оқушылары Тәңірберді Болат, Болат Мейіржандармен бірге айтыстың түрлеріне тоқталып жұмбақ айтыстың, түре айтыстың, сүре айтыстың үлгілерін  көрсетті. 

Айтыс — ауыз әдебиетінде ежелден қалыптасқан поэзиялық жанр, топ алдында қолма-қол суырып салып айтылатын сөз сайысы, жыр жарысы. Айтыс - әдебиет жанры болғанымен, ертеден қалыптасқан халықтық дәстүрдің үлкен түрі.Көшпелі елдің қызық-қуанышын бөлісіп келген айтыс халқымыздың сан алуан ойын-той, әр түрлі дәстүрлі думандарда қуана қызықтайтын театры іспеттес болған. Жұрт көпшілік алдында сөз сайысына түскен екі ақынның жеңіске жету жолындағы тапқырлықтары мен алғырлықтарына куә болып, солардың біреуінің намысын жыртып, тілеуін тілейтін жанкүйеріне айналады.Ақындар айтысында жаттама (трафарет) өлеңдер аз болады. Олар өлеңді табан астында шығарады, тосыннан айтысады. Айтыс үстінде талай күтпеген жайлар кездеседі. Айтысар тақырыбы белгісіз, тосын сұрауларға тап болады. Екі ақын да бірін-бірі тығырыққа қамау үшін, бірін-бірі сүріндіру үшін, өмір құбылыстарын жұмбақ етіп те тартады. Соның бәріне ақындар жөпелдемеде жауап беруге, дәлел айтуға әзір болуы керек. Мұның бәрі ақындардан сөзге жүйріктікті, білгірлікті, тапқырлықты, ұсталықты қажетсінумен қатар, ел-елдің шежіресін, тарихын, жер жайын, этнографиялық ерекшеліктерін білуді керек етеді. Олай болмаған күнде құр ділмарлықпен ештеңе өндіре алмайды, сайыста дәрменсіз болып қала береді. Жаттанды сөз өрнегін қолдану ақынға абырой әпермейді. Қазақ қоғамында ақынның ақын болып танылуы да тек айтыс арқылы жүзеге асқан. Айтыс – ақынның талантын шыңдайтын үлкен өнер жарысы. Айтыстың негізгі салмағы да, түйіні де өмір шындығы. Кешегі Шынболаттай шындықты шыңғыртып айтып жүрген  айтыскер ақындар бүгінгі таңда да аз емес. 

Шеберлік сабақтары қыркүйек, қазан айларында қос мектептің жоспарына енгізіліп, тұрақты түрде өтетін болады.  Қазақтың айтыс өнері асқақтай берсін!

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Сайрамда бірқатар азаматтар марапатталды
  • «Мәңгілік жаса, қыран елім Қазақстан» шарасы өтті
  • Ақындар елдікті жырлады
  • Туған жерді түлету - жастардың қолында
  • Балаларды отансүйгіштікке баулу парыз
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер