“Төрт тоқсан – төрт өнер” ұлттық мәдени-ағартушылық жобасы аясында бүгін Сауран ауданындағы Әшірбек Сығай атындағы жалпы орта мектебінде қазіргі айтыс өнерінде өзіндік қолтаңбасы бар айтыскер ақын, «Өнер» мектебінің директоры Тлеулиев Тұрар Сәрсенбайұлымен кездесу өтті. Кездесу кешінде мектеп оқушылары ақынға көңілдерінде жүрген көкейтесті сұрақтарын қойып, мардымды да көңілге қонымды, толыққанды жауаптарын алды. Тұрар ағамыз кездесу барысында сұрақтарға жауап беріп қана қоймай, өмірдегі жинаған тәжірбиесіне сүйеніп, өмірге деген көзқарасын студенттерімізге әзіл-қалжыңы аралас ақылын айта отырып, емен-жарқын сұхбат берді.
Мақсат - ұлттық рух пен патриотизмді, өз халқына және оның дәстүрлеріне құрметпен қарау, эмоционалды интеллекті қалыптастыру, қазақ халқының ұлттық құндылығы, шешендік өнердің баға жетпес мұрасы ретінде айтысты дәріптеу арқылы дарынды шығармашыл жастарды анықтау.
Айтыс – ұлттық құндылығымыз. Кездесу барысында қазақ халқы үшін бүгінгі күні ұлттық құндылыққа айналып үлгерген төл өнері - айтыс екенін, оның шығу, даму тарихы, айтыстың өзіне тән ерекшеліктері мен маңызы туралы айтылды.
Сонымен қатар, Тұрар Сәрсенбайұлы, қолына қаламы мен қағазын серік еткен жас ақындардың айтысын тамашалап, өз ойын білдірді. Шеберлік сағатының соңында оқушылардың сұрауы бойынша ақын өзінің жыр жолдауын арнады.Халқымыздың ұлттық өнері асқақтай берсін!
Айта кетейік, Тұрар Сәрсенбайұлы ерте жастан айтысқа араласып, өзінің орамды шумақ, ерекше ұйқастарымен көрерменнің көзайымына айналып, бірнеше аламанда оза шапқан қазақтың танымал айтыскер ақыны.