Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында ұлттық бірегейлігімізді нығайтып, еліміздің жаңа құндылықтарын орнықтыруда үкімет пен қоғам күш біріктіріп жұмыс істесін деп тапсырма берді.
Әділетті Қазақстанды Адал азаматтар ғана құрады. Мемлекет басшысы Адал азаматқа тән қасиеттер әрбір жастың бойынан табылуға тиіс деді. Ұлттың жаңа болмысы білім, ғылым және мәдениет саласын дамыту арқылы қалыптасады. Осы бағытта бізге орасан зор жауапкершілік пен міндет жүктеліп отыр. «Тәрбие тал бесіктен басталатынын» ескере отырып, өскелең жас ұрпақтың бойына адалдық қағидаттарын сіңіреміз десек, ең алдымен оған өзіміз өнеге көрсетер тұлға болуымыз керек» дейді Президент.
Жалпы Түлкібас ауданындағы 60 білім ордасы бар, онда 23566 оқушы білім алады. білім ошақтарының 46-сы жалпы орта, 5-еуі негізгі орта, 9-ы бастауыш мектеп. Бір білім ошағында, атап айтсақ, А.Макаренко атындағы жалпы орта мектебі жанында мектеп-интернаты жұмыс істейді, онда 110 оқушы тәрбиеленіп білім алуда.
60 мектептің 51-типтік, 9-ы ыңғайластырылған. Жаңа оқу жылында 1-сыныпқа 2119 оқушы қабылданды. Бүгінгі таңда ауданда үш ауысымда оқитын мектеп жоқ.
Бұдан бөлек, қазіргі таңда ауданда 51 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді. Оның 15-і мемлекеттік балабақшада, онда 2003 бала тәрбиеленуде, ал 33-і жекеменшік, оларда 3843 бала бар. Шағын орталықта 100 бала тәрбиеленіп жатыр. Жалпы балабақшаға бүгінгі күні 5946 бала тартылған.
Жалпы мектепке дейінгі мекемелер мен жалпы орта мектептердің саны соңғы жылдары артып келеді. Мәселен, қазіргі таңда Абай елді мекенінде 100 орындық жекеменшік балабақша салынуда. Ал Бахыбек ауылында 300 орындық мектептің құрылысы жалғасуда. Оның жалпы құны – 1 459 252 мың теңгені құрайды. Құрылыс жұмысы өткен жылы басталған нысан 2024 жылы пайдалануға беріледі. Сонымен қатар Г.Титов атындағы жалпы орта мектебі жанынан 150 орындық қосымша оқу корпусы салынуда. Оның жобалық құны 523 миллион теңге. Нысан жаңа оқу жылы қарсаңында пайдалануға берілді. Алдағы уақытта жобалық-сметалық құжаттары дайындалып 2023-2025 жылдары төрт мектеп салу көзделген. Оның екеуі 150 орындық мектеп жанынан салынатын қосымша ғимарат болса, екеуі «Жайлы мектеп» жобасы аясында салынбақшы. Олар Т.Рысқұлов ауылы мен Састөбеде салынады. Бірі 600, екіншісі – 300 орындық.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында білім саласына баса мән берді. «Орта білімнің сапасы – табысты ұлт болудың тағы бір маңызды шарты. Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс. Сол үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынды» дейді Президент. Бұл бағытта ауданда жұмыстар жаңа басталып, мектептер жоғарыда аталған екі ауылда тұрғызылмақшы.
А.Оразбаева атындағы жалпы орта мектебінің жобалық құны 631778 миллион теңгені құрайды. Бұл нысанды 2024 жылы пайдалануға беру жоспарланған. Ал ағымдағы жөндеу жұмыстары 14 мектепте, 6 балабашқада жүргізілуде. Атап айтсақ, Жанкент, Алғабас-1, Ұрбұлақ, М.Лермонтов және О.Ағыбайұлы атындағы орта мектептердің спорт залдарының едендері ауыстырылуда. Бұдан бөлек, Щеыцов, М.Әуезов, Б.Садықов, Б.Момышұлы, Ш.Мұртаза атындағы жалпы орта мектептерінің жылу жүйелері ауыстырылып жатыр. Оның көпшілігінің құрылыс жұмыстары аяқталған. Сонымен қатар С.Рахимов, Дуан және Б.Момышұлы атындағы орта мектептердің сыртқы қабырғасын қаптау, ауласын қоршау, шатырын ауыстыру жұмыстары жүргізілуде.
Ал мектепке дейінгі білім беру мекемелеріне тоқталар болсақ, атап айтқанда, «Алтын ұя» балабақшасында ғимарат сыртын металлосайдингпен қаптау мен ішінара кәріз жүйесін ауыстыру, «Балапан» бөбекжайында ішінара едені ауыстырылса, «Жанерке» балабақшасында ішінара едені мен кәріз жүйесін ауыстырылды. «Қарлығаш» балабақшасының шатыры мен ішінара ауыз су, электр жүйелері жаңартылды. «Нұрбибі» мен «Балдырған» балабақшаларының жылу жүйесі мен ішінара есіктерін және ғимарат шатырын қаптау жұмыстары атқарылды.
Бұдан бөлек, аудандағы 60 мектеп таза ауызсумен, дәретханалармен және қол жууға арналған базалық құралдармен қамтамасыз етілді. Бұл білім ошақтарының ішінде Ю.Гагарин, Ә.Молдағұлова және А.Макаренко атындағы жалпы орта мектептер орталық, ал 57 мектеп жеке кәріз жүйелеріне қосылған.
Алдағы жылу беру маусымына дайындық жұмыстары да талапқа сай атқарылуда. Атап айтсақ, бүгінде жылу қағидаларына сәйкес аудандағы мектептердің жылу жүйелерін қысымдау және жуып-шаю жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі таңда 59 мектептің жылу жүйелері тексеріліп, 3 мектептің жылу жүйесінде ақаулар анықталды. Ол ақауларды қалпына келтіру жұмыстары атқарылуда. Сонымен бірге 8 мектепке 9 қосымша және жаңа жылу қазандықтарын сатып алу мен орнату жұмыстарын жүргізу жоспарлануда.
Ауданда оқушылар тасымалы қалыпты. Бүгінгі күні 13 елді мекеннен 510 оқушыға тасымал ұйымдастырылған. Жалпы Түркістан облысының адами әлеуетті дамыту басқармасы оқушыларды тасымалдау үшін 20 орындық 5-микроавтобус берілді. Одан бөлек, ауданда 38 орындық 3 автобус бар. Жалпы мектептердегі автобус саны бүгінде 8 бірлікті құрап отыр.
Биылдан бастап мектептерде бастауыш сынып оқушыларын ыстық тамақпен қамту көзделген. Бұл бағытта да жоспарлы жұмыстар жалғасын табуда. Атап айтсақ, өткен жылы аудандағы 60 білім ошағының 49-ында 2300 азқамтылған отбасы балаларына жалпыға міндетті білім беру қоры есебінен бір мезгіл ыстық тамақ беру ұйымдастырылған. Жалпыға міндетті білім қорының есебінен 7-10 жас аралығындағы 1279 оқушы 502 теңгеден, 11-14 жас аларылығындағы 815 оқушы 564 теңгеден, 15-18 жас аралығындағы 206 оқушы 610 теңгеден бір мезгіл тегін ыстық тамақпен қамтылды. Ал жаңа оқу жылынан бастап бастауыш 1-4 сынып оқушыларына мемлекет тегін ыстық тамақпен қамтамасыз ету жоспарланды. Ауданда 1-4-сыныпта оқитын 9559-оқушы ыстық тамақпен қамтылады. Дегенмен ауданда асханасы жоқ 11 мектеп бар екен. Ондағы оқушы саны 549. Бұл мәселені шешу жолдары қарастырылу үстінде.
Өткен оқу жылында 1253 оқушы аяқтаса, оның 56-ы «Алтын белгі», 117-і «Үздік аттестатқа» ие болды. Ұлттық біріңғай тестілеуге 1138 оқушы қатысты. Оның ішінде 584 оқушы мемлекеттік грантты ұтып алса, 30 оқушы «Серпін» бағдарламасы бойынша тегін оқуға жолдама алды.
Оқушылардың да өткен оқу жылында жеткен жетістігі аз емес. Мәселен, жалпы білім беретін пәндер олимпиадасының облыстық кезеңінде аудан оқушылары 26 жүлделі орынды, 7 «Алғыс хат» иеленіп, олимпиаданың республикалық кезеңіне 3 оқушы өтті. Олардың қатарында С.Сейфуллин, И.Рыбалко мен М.Ломоносов атындағы жалпы орта мектептерінің 9-11-сынып оқушылары Нұрдаулет Әлдибек, Руфина Кадырова мен Александра Демус бар. Олар информатика, қазақ тілі мен әдебиеті және орыс тілі мен әдебиеті пәндері бойынша қатысты. Жалпы білім беретін пәндер олимпиадасының қорытындысы бойынша М.Ломоносов атындағы мектеп-гимназиясы үш жыл қатарынан республикалық 100 үздік мектептер тізіміне енді.
Сондай-ақ өткен оқу жылында оқушылардың ғылыми жоба жарысының аудандық кезеңіне 78 жұмыс қабылданып, оның 24-і облысқа жіберілді. Облыстық кезеңнен 5 орынға ие болып, Т.Рысқұлов, Б.Момышұлы, Шевцов атындағы жалпы орта мектептерінің оқушылары республикаға жолдама алды.
2-7-сынып оқушылары арасында өткізілген «Зерде» шығармашылық зерттеу жұмыстарының аудандық кезеңіне аудан мектептерінен 118 жұмыс қатысып, оның 34-і облыстық кезеңге жолдама алды. Облыстық кезеңде 8 жүлделі орынға ие болып, 4 оқушы республикалық кезеңге жолдама алған болатын. Байқаудың республикалық кезеңі республикалық «Балдаурен» сауықтыру орталығында өткізілді. Байқау қорытындысында Б.Садықов, А.Макаренко және С.Бреусов атындағы жалпы орта мектептерінің оқушылары Інжу Аббас, Аруна Бержан, Алина Якубенко мен Нұрдаулет Нұрұнбек бірінші, екінші және үшінші орындарды иеленді.
Балалардың жазғы сауықтыру лагері де талапқа сай ұйымдастырылды. Атап айтсақ, аудандағы аз қамтамасыз етілген көпбалалы отбасынан шыққан балаларды сауықтыру үшін бюджет есебінен 41 миллион 853 мың теңге қаралып, 1279 оқушыны сауықтыру шараларына тартылды. Бұдан бөлек, 150 дарынды оқушы республикалық бюджеттен Төлеби ауданындағы «Көктебе» және «Қуаныш» лагерінде сауықтырылды.
«Мектепке жол» акциясына бюджет есебінен 1077 аз қамтамасыз етілген отбасы балаларына және демеушілер есебінен -72 оқушыға көмек көрсетіледі.
Мектеп қауіпсіздігі қашанда маңызды. Білім беру ұйымдары террористтік осал объект жататын болғандықтан 700-ден асатын оқушысы бар 11 мектепке турникет орналастыру үшін 15 миллион 840 мың теңге жоспарланды. Мемлекеттік сатып алу басқармасы тарапынан ашық конкурс жарияланып, қазіргі таңда өтінімдер қаралуда. Биыл қыркүйек айынан бастап 30-мектеп мамандандырылған «Күзет» қауіпсіздікті қамтамасыз ету мекемесіне өткізіледі.
Түлкібас ауданының адами әлеуетті дамыту бөлімі, балалардың жол-көлік жарақатының алдын алу мақсатында, адами әлеуетті дамыту бөліміне қарасты білім беру ұйымдары аумағындағы жол қауіпсіздігі бойынша зерделеу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде, 43 білім беру ұйымдарының жол қауіпсіздігі белгілерін орнату және жаяу жүргіншілер жолының ескіріп (белгілері көрінбейді) кетуіне байланысты жөндеу жұмыстарын жүргізу, жылдамдық соққыларын (лежачий полицейский) орнатуды шұғыл қолға алу жұмыстарын орындау үшін тапсырыс берілді. Сонымен қатар жол белгелері мүлдем қойылмаған жаңадан салынған 4 мектепке жол белгілерін орнату керек.
Ал мектепке дейінгі ұйымдар 590 бейнебақылау камерасымен жабдықталған. Оның ішінде сыртқа орнатылған камера саны–166, ішке орнатылған камералар саны – 424. Сондай-ақ аудан мектептері 962 дана бейне бақылау камереларымен қамтылды. Оның ішінде сытқа орнатылған камера саны – 335, ішке орнатылған камералар саны – 627-і.
Полиция басқармасының ақпараттық талдау базасына 27 мектептен 487 бейнебақылау камералары қосылды. Оның 162-і сыртта, 325-і ішке орнатылған. Оның ішінде 11 мектепті «Қазақтелеком» АҚ, 16 мектепті «Транстелеком» АҚ интернет желісімен қамтып отыр. Аудан орталығынан шалғайда орналасқан 33 елді мекендегі білім беру ұйымдарының бейнебақылау камераларын интернет жылдамдығының 20 Мбит/с төмендігінен полиция басқармасының ақпараттық талдау базасына қосу мүмкін болмай отыр. Ол білім ошақтарындағы бейне бақылау камераларын полиция басқармасының ақпараттық талдау базасына қосу үшін оптика талшықты желімен жоғары жылдамдықтағы интернет желісін жеткізу қажет.
Пән мұғалімдерінің жеткен жетістіктері де аз емес. Атап айтсақ, өткен оқу жылында қазақ, орыс, ағылшын тілі пәндері мұғалімдері арасында «ІІ Ыбырай жазулары» байқауы өткізілді. Оның қорытындысында ауданнан І орынға ие болған П.Шевцов атындағы жалпы орта мектебінің орыс тілі пәнінің мұғалімі Жазира Ауелтаева облыстық турда І дәрежелі дипломмен марапатталды.
Сондай-ақ Майлыкент атындағы жалпы орта мектептің базасында орыс тілі пәні мұғалімдері арасында өткізілген «Поэзия әлемі» байқауының «Мен жастарға сенемін...», «Мағжан және педагогика» тақырыптарындағы мақала жазу және ғылыми жоба байқауының аудандық кезеңіне 21 мұғалім қатысып, облыстық кезеңге С.Сейфуллин және И.Рыбалко атындағы жоғары орта мектебінің мұғалімдері Ольга Дмитриева мен Лайла Бейсебаева қатысты. Облыста Ольга Дмитриева І орынды, Лайла Бейсебаева «Шебер ұстаз» номинациясымен марапатталды. Сонымен қатар жоғарыда аталған мектеп базасында орыс тілі пәні бойынша өткізілген «Облыстық пән мұғалімдері олимпиадасы – 2023» олимпиаданың аудандық кезеңіне 38 мұғалім қатысты. Облыстық кезеңге жолдама алған М.Ломоносов атындағы мектептің оқытушысы Ирина Василюк І орынды, Ә.Молдағұлова атындағы жалпы орта мектебінің мұғалімі Эльмира Қарымсақова ІІІ орынды иеленді.