Сарыағаш ауданындағы Ақжар ауылдық округіне қарасты Бағыс елді мекенінде 300 орындық мектеп пайдалануға берілді. Оның лентасы Қазақстан Республикасының Конституция күні салтанатты жағдайда қиылды.
Ақжар ауылдық округі Бағыс елді мекеніндегі Ғ.Мұратбаев атындағы жалпы орта мектебінің ашылу салтанатына Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев те қатысты.
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында білім саласына баса мән берді. «Орта білімнің сапасы – табысты ұлт болудың тағы бір маңызды шарты. Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс. Сол үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынды» дейді Президент. Өздеріңіз жақсы білесіздер, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы былдан бастап қолға алынды. Мемлекет басшысы Жолдауында «Біз 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте оқуына жағдай жасаймыз. Осылайша, апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесін толық шешеміз. Бұл ауыл және қала мектептерінің айырмашылығын едәуір азайтады. Жалпы, мектеп салу Үкімет және әкімдіктер үшін басты міндеттің бірі болуы керек», дей отырып, әрбір өңірдің ерекшелігіне қарай мектеп салуды тапсырды. Бүгінгі таңда ауданымызда осы «Жайлы мектеп» жобасы арқылы 300 орындық бір мектеп салу жоспарлануда. Президент Жолдауында бұл білім нысандарын жемқорлыққа жол берген, олардың заңсыз тапқан қаржысы есебінен салуды ұсынған. Яғни, Мемлекет басшысы «Жемқорлар сотталғанда, олардың заңсыз тапқан қаржысы мемлекетке өтіп, түгелдей мектеп құрылысына жұмсалуға тиіс. Үкімет осы бастаманы заң тұрғысынан рәсімдеу туралы шешім қабылдауы керек» деп қаржы көзін де анықтап берген еді Жолдауда. Бүгін біз Бағыс елді мекеніндегі 300 орындық мектептің ашылуының куәсі болдық. Жалпы
біз бұл саланы жіті назарда ұстауға тырысып келеміз. Қазіргі таңда ауданда жаңа мектептердің және «Жайлы мектептер» құрылысы қарқынды жүргізілуде, - деді аудан басшысы.
Ғ.Мұратбаев атындағы жалпы орта мектебінің құрылысы өткен жылы басталған. 300 оқушыға арналған мектепте оқушылардың алаңсыз білім алуына қолайлы жағдай жасалған. Есік алдына асфальт төселген және көгалдандырылған. Мектептегі суық су мен жылу және санитарлық байланыс құбырлары орталықтандырылған. Білім ұясында үлкен дәліз, кітапхана бойынша оқу залы бар.
Сондай-ақ химия, физика, еңбек және информатика кабинеттері толықтай заманауи құрал-жабдықтармен және интерактивті тақтамен жабдықталған. Тігін үйірмесіне толықтай жабдықталған бөлме, кең спорт залы, асхана және медициналық бөлмесі бар. Әрбір бөлме арнайы құрал-жабдықтармен, жиһаздармен жабдықталған. Өртке қарсы дабыл қаққыш, сыртқы және ішкі бейнебақылау камералары,жеделсаты да орнатылған.