Түркістан облысында 1 қыркүйек күні білім табалдырығын 51 мыңнан аса оқушы аттады. Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаевтың айтуынша, жалпы облыста 1000-нан астам білім ошағында 514 мыңнан астам оқушы білім алады екен. Ал балабақшаларда 149 мыңға жуық бала тәрбиеленсе, 52 колледжде 40 мыңнан астам студент оқуда.
- Облыс халқының 38 пайызын балалар мен кәмелетке толмаған жасөспірімдер құрайды. Еліміздегі әрбір 7-ші оқушы біздің облыста. Бұл республикадағы ең үлкен көрсеткіш. Түркістан облысы республикада білім беру саласына бөлінетін қаржы көлемі жағынан 1-орында. Бұл салаға биыл 597,5 миллиард теңге бөлінген. Білім беру инфрқұрылымын дамыту мақсатында облыста 2023-2025 жылдар аралығында 96 мектеп салынуда. Оның 63-і «Жайлы мектеп» ұлттық жобасымен, 3-еуі «Ауыл – ел бесігі» добасы, 21-і жалпы сипаттағы трансферттер есебінен, 9-ы жемқорлардан тәркіленген қаражат есебінен салынып жатыр. Биыл осы мектептердің 20-ы оқушылар қабылдауда. Жалпы жаңа оқу жылында 1-сыныпқа 51 621 оқушы (2022 жылы – 53 799 оқушы) келді, - дейді ол.
Жалпы биыл Түркістан облысында мемлекеттік 5 мектеп, жекеменшік 14 білім ұясы 1 қыркүйек күні ашылған. Ал, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша өңірде үш жылда заманауи 63 мектеп құрылысы жүргізілетін болады.
Биыл 240 пән кабинеттерін (физика-64, химия-48, биология-64, STEAM-64) алуға 3,1 миллиард теңге бөлінген.
Сондай-ақ облыста балаларды қорғау, әлеуметтік қолдау мақсатында нақты шаралар қабылданып, бюджет шығыстары есебінен 12 миллиард теңге қаралған. Түркістан облысының білім басқармасына қарасты 21 мекемеде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. «Ауыл Ел-бесігі» бағдарламасымен 13 білім мекемесіне, ал облыстық бюджеттен 8 білім мекеме уақыт талабына сай жаңартылды. Бұл білім ошақтары облыстың Ордабасы, Сайрам, Түлкібас, Төлеби, Сарыағаш, Кентау, Арыс, Келес аудандары мен Түркістан қаласында орналасқан.
Балалар қауіпсіздігін қамтамасыз етуге 5,9 миллиард теңге бөлінген. Қауіпсіздікті 6 бағытта жүргізіп, мәселе 100 пайызға шешімін тапқан. Мектептерге 7 мыңнан астам бейнекамера орнатылып, полиция департаментінің жедел басқару орталығына қосылуда. Мемлекеттік 936 (оның ішінде: 907-мектеп; 25-колледж; 4-балалар ауылы мен жасөспірімдер үйі) білім беру мекемелері 100 пайыз дабыл батырмасымен қамтылып, жедел басқару орталығына қосылды. Кәсіби күзет қызметімен қамтамасыз етілуі тиіс бала саны 300-ден жоғары 573 білім беру ұйымдары толық лицензияланған күзет қызметіне өтті. Мектеп алды көшелерде жарықтандыру жүйелері мен арнайы жол белгілері орнатылуда.
- Жаңа оқу жылынан бастап облыстағы бастауыш сыныпта оқитын 187 832 бала бір реттік ыстық тамақпен қамтамасыз етілетін болады. Жыл соңына дейін оған облыстық бюджеттен 6,2 миллиард теңге қаралды. Оқушы тасымалы мәселесі ле шешілді. Облыс бойынша 180 елді мекенде 15 225 бала мектепке тасымалданады. «Балалар жылы» аясында Мемлекет басшысының тапсырмасымен облыс мектептеріне лизинг тәсілімен «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ-ы арқылы 101 заманауи автобустар алынды. Жаңа оқу жылында оқушылар тасымалы мемлекет теңгеріміндегі 120 (оның ішінде: жаңа – 101, бұрынғы –19 автобус) және мердігер фирма меншігіндегі 68 автобуспен ұйымдастырылады, - дейді Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев.