Отырар ауданында биыл жаңа оқу жылында 1060 бала мектеп табалдырығын аттаған. Жалпы жылдағы дәстүрге сай 1 қыркүйек – «Білім күні» мерекесінде Отырар ауданындағы Көксарай ауылында орналасқан М.Әуезов атындағы жалпы орта мектебінде үлкен мерекелік іс-шара ұйымдастырылды.
Ол «Мектебім- мейірім мекені» атты тақырыпта өтті. Оған Отырар ауданының әкімі Сәкен Сұлтанханов қатысып, оқушылардың қуанышына ортақтасқан еді.
Мектеп ауласындағы салтанатты жиын Қазақстан Республикасының мемлекеттік әнұранымен ашылды. Мерекелік жиынды аудан әкімі Сәкен Сұлтанханов ашып, құттықтау сөз сөйледі.
- Барша адамзатқа ортақ бұл күн, білім мен парасаттың, ақыл мен ізгіліктің бастау алатын сәті десек те болады. Бұл сәт тек атаулы мереке ғана емес, еліміздің болашағын өсіп-өркендететін күннің бастамасы. Бүгін міне, бүлдіршіндеріміз алғашқы қоңырау үнін естіп, үлкен өмір табалдырығынан аттағалы тұрса, ауданымыздағы 805 талапкер мектеп бітіріп, оның 305 талапкер грантқа түскен. 55 оқушы алтын белгі иегері атанып, 66 оқушы үздік атанды. Жаңа оқу жылында ауданымыздағы 40 жалпы білім беру ұйымдары болса, оның 28-і типтік, 12-сі ыңғайластырылған жайда орналасқан. Соның ішінде 10-ы бастауыш, ал, 6-ы негізгі және 24-і жалпы орта мектептерінде 12471 оқушы білім алады деп жоспарлануда. Жаңа оқу жылында 1-сыныпқа 1060 бала қабылданып, мектеп табалдырығын аттады, - дейді аудан әкімі.
Білім күніне арналған жиында мектеп өнерпаздары ән шырқап, би биледі. Мектеп табалдырығын тұңғыш аттаған, жаңа өмірге қадам жасаған жас бүлдіршіндер үшін ерекше күн болды. Балғын балалықпен қош айтысып, мектеп табалдырығын аттаған жас бүлдіршіндер салтанатты жиын барысында білім туралы тақпақтарын айтты. Мерекелік жиын мектеп оқушыларының концерттік бағдарламасымен жалғасын тауып, жаңа оқу жылының алғашқы қоңырауы соғылды.