Сауран ауданының білім бөліміне қарасты №2 жалпы білім беретін мектеп алғашқы оқушыларын қабылдады. Жаңа мектептің ашылу салтанатына Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев қатысып, жаңа оқу жылына оқушылар мен ұстаздарға жылы лебізін білдірді.
2021 жылы құрылысы басталған білім ұясы типтік, үш қабатты, 300 орындықты қамтиды. Ғимараттың қабырғасы кірпішпен қаланған. Су және кәріз жүйе орталықтандырылған. Қатты отынмен жылытылады. Жаңа білім мекемесінің оқу кабинеттерінен бөлек, асхана, медпункт, спорт залы бар. Құрылыс жұмыстарын “AziaRCр” ЖШС компаниясы жүргізген.
Сондай-ақ бұл күні Сайрам ауданында 6 жекеменшік мектеп ашылды. 1 қыркүйек күні Сайрам ауданындағы Қайнарбұлақ ауылдық округінде аудандағы алғашқы «GREEN SCHOOL» инновациялық жайлы мектебінің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Заманауи білім нысаны STEAM жүйесі арқылы оқытылады. Бұл – қоғамға қызмет ету арқылы қоршаған ортаны аялайтын көшбасшылар, жас ғалымдар мен талдау дағдыларын дамытуға мүмкіндік беретін әдіс. Мұндай тәсілмен мектептерде ұжымда немесе жеке жұмыс жасауды, қарым-қатынас жасауды, ойлаудың түрлі әдістерін қолдануды үйренуге мүмкіндік беріледі. Өмірде пайдалы болатын білім ең құнды.
Аталған іс-шараға аудан әкімі Арман Сәбитов қатысып, жаңа білім ордасының лентасын қиды. Аталған оқу орнында аудан оқушыларынан бөлек еліміздің түпкір-түпкірінен оқушылар келіп білім алады. 600 орындық мектепте 300 оқушы бар. 37 педагог жұмыс істейді.
Білім нысанында ұстаздардың толыққанды жұмыс істеп, оқушыларға сапалы білім мен тәрбие беруге барлық мүмкіндіктері бар. Балалардың қауіпсіздігі мақсатында арнайы видеокамералар мен Face ID орнатылған.
Барлық оқушылар 100 пайыз оқулықпен қамтылатын болады. Жаңа оқу жылында аудан бойынша 7 жекеменшік мектеп ашылу жоспарланса, оның 6 мектебі 1 қыркүйекте пайдалануға берілді.