Қазығұрт ауданында оқушылардың білімін арттыру басты орында

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында білім саласына баса мән берді. Бүгінгі таңда, Қазығұрт ауданында 76 білім мекемесі жұмыс істейді. Оның 70-і мемлекеттік, 3-і жекеменшік, 2-і дарын және 1-і интернат. Бұл білім ошақтарында 32277 оқушы білім алуда. 

Screenshot_25.jpg

Жаңа оқу жылында 2581 бала 1-сыныптың табалдырығын аттағалы отыр. Олар ауданының адами әлеуетті дамыту бөліміне қарасты 59 жалпы орта, 5 негізгі, 6 бастауыш мектепте білім алады. Бұл білім ордаларында жекеменшік және дарын мен иттернат мектептерін қоспағанда 28842 оқушы білім алатын болады. Ал жаңағы айтқан, екі мамандандырылған Дарын мектебінде 657, санаторий типтес мектеп интернатта 299, үш жекеменшік мектепте 309 оқушы білім алып жатыр. 

Өткен оқу жылында ауданда мектепті 1879 түлек бітірсе, оның 1453-і ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысты. Олардың 86-ы «Алтын белгі» иегері атанса, 126 оқушы «Үздік аттестат» алды. Ұлттық бірыңғай тестілеу сертификатын иеленген 656 оқушы мемлекеттік грант иегері атанды, 153 оқушы ақылы оқуға, 160 оқушы квота бойынша, 23 оқушы шет елге, 227 оқушы колледжге, 50 оқушы серпін бағдарламасы аясында оқуға түсті. Сонымен қатар, 108 оқушы еңбекпен қамтылды.

Жаңа оқу жылында бір реттік аз қамтылған отбасының балаларына жалпы 2262 балаға (1 балаға 40567 теңге) 91 762,6 мың теңге қаржы бөлініп толығымен игеріліп, одан бөлек 1250 оқушыға 50 708 мың теңге қосымша қаржыға өтінім берілді. Өтінімнің оң нәтиже тапқан жағдайда, Білім бөлімінің бұғатталған есеп шоты ашылған сәттен бастап толық аударылатын болады. Сонымен қатар биылғы жаңа оқу жылынан бастап 1-4 сыныпта оқитын 11 721 ыстық тамақпен қамтылады.   

Білім ошақтарынан бөлек, ауданының адами әлеуетті дамыту бөліміне 76 балабақша қарайды. Олардың 13-і мемлекеттік, 63-і жекеменшік. Онда 9050 бала тәрбиеленуде. Бүгінгі таңда балабақшалардағы кезек саны 274 орынды құрайды. Сонымен қатар, 2023 жылы «Balabaqsha Smart Nation» - мектепке дейінгі білім беру саласында мемлекеттік қызметтерді алуға арналған бірыңғай порталы арқылы балалардың келу күндеріне сәйкес қаржы есептеліп, облыс әкімінің қаулысына сәйкес қаржыландырып отыр. Яғни, бір айдың ішінде тәрбиеленуші бала келмеген күндеріне қаржы төленбейді.

Оқушыларды оқулықпен қамту өз ретімен жүргізілуде. Жалпы аудан мектептеріне бастауыш, негізгі орта, жалпы орта мектептердің оқушылары жыл сайын оқулықпен 100 пайыз қамтылып келеді. Жаңа оқу жылында  37939 дана оқулықтарға білім бөлімі тарапынан тиісті өтінімдер білім басқармасына беріліп, жеткізілген кітаптар оқушыларға мектептерде үлестірілетін болады. 

Ауданда мектебі жоқ 8 елді мекенде бар, онда 627 бала тұрады. Оларды жақын елдімекенге тасымалдау үшін 9 автобус бөлінген. Биыл ол автобустардың 5-еуі жаңартылса, 3-еуі жеке кәсіпкерлер тарапынан қамтылады. 

Тәрбие мәселесі білім процесімен қатар жүретін ауқымы кең шара. Өскелең ұрпақты жан-жақты дамыған тұлға ретінде қалыптастыру, ұлттық құндылықтар негізінде тәрбиелеу арқылы бала бойындағы қасиеттерді дамыту мақсатында өткен оқу жылынан бастап аудан оқушылары арасында             5-ке жуық аса ірі іс-шара өткізіліп, оған екі мыңнан аса мектеп оқушысы тартылды. Аудандық білім беру ұйымдарында дебаттық клубқа 500-ге жуық оқушы қатысса, ал «Адал ұрпақ», «Мектеп Парламенті», «Жас Ұлан», «Жас Қыран» ұйымдарына жалпы 6922 оқушы тартылды. Сонымен қатар, Қазығұрт ауданы бойынша білім беру ұйымдарында спорттық үйірмеге 16650 оқушы қатысады. Балалар өнер мектебінде 106 оқушы тәрбиеленуде.  Оқушылар сарайында 2600 оқушы түрлі үйірмелерге қатысып жүр.  Мектептердегі түрлі пәндік ақысыз үйірмелерге 9280 оқушы барады. Жалпы аудан бойынша  28636 оқушы түрлі үйірмелерге тартылған. Бұл жалпы білім алушылардың 99 пайызын құрайды. 

Сонымен қатар, осы жылы облыстық бюджеттен 1352 оқушыны жазғы қала сыртындағы лагермен қамтуға 36,6 миллион теңге қаралып, қазіргі таңда, 1221 оқушы «Біркөлік шатқалы» балалар сауықтыру лагерінде демалып келді. Қалған 131 оқушы 7 ауысымға жоспарға сәйкес жолдама негізінде жіберілетін болады. Сондай-ақ,Қазақстан халқына қоры есебінен Қазығұрт ауданы бойынша жалпы 230 оқушы қамтылды. Жалпы аудан бойынша 1582 бала жазғы сауықтырумен қамтылып отыр. 

Бүгінгі күні балалардың қауіпсіздігі басты назарда. Мектептегі оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ауданда 70 мемлекеттік мектеп толығымен бейнебақылау жүйесімен қамтамасыз етілілген. Өткен оқу жылында Қазақстан Республикасы Білім және ғылым және Ішкі істер министрліктерінің 2019 жылы 23 қаңтардағы бірлескен бұйрықпен бекітілген стандартқа сәйкес, 51 мектептің бейнебақылау камералары жергілікті полиция бөліміне интеграцияланды. Қалған 19 мектептің оптикалық байланыс болмауына байланысты интеграцияланбаған. Бұл бойынша тиісті органдармен жүйелі жұмыстар жүргізілуде. 

Сонымен қатар, Қазығұрт ауданына 80 топтық бейнебақылауларға бюджеттен 64 475 мың теңге қаралып, барлық мектептердің бейнебақылау жүйесі толығыменен жаңартылатын болады. Сонымен қатар, аудан бойынша мектептерге мамандандырылған күзет қою көзделген. Бұл мақсатта төрт айға 48 360 мың теңге қаралған. Мемлекеттік сатып алу порталы арқылы жарияланып қойылған. Биыл ауданда 700 оқушыдан көп 11 мектепке турникеттер орнату үшін бюджеттен 24 420 мың теңге бөлініп, Мемлекеттік сатып алу басқармасына ашық конкурс өткізу үшін өтінім берілді. Сондай-ақ 18 мектептің сыртқы қоршауын қалпына келтіру үшін 264,2 миллион теңге бөлініп, мемлекеттік сатып алу басқармасына өтінім берілген. 

Білім ошақтарын жаңа оқу жылына дайындау барысында атқарылып жатқан құрылыс жұмыстары аз емес. Мәселен, өткен жылы 7 мектептің сыйымдылығын арттыру үшін 100 бен 300-ге дейінгі орын тапшылығын шешу үшін қосымша ғимараттар соғу басталған. Бүгінгі таңда соның 4-еуі жаңа оқу жылында пайдалануға беріледі. Атап айтсақ, ол мектептердің қатарында А.Байтұрсынов, Амангелді мен П.Тәжібаева атындағы және Сырлысай елді мекеніндегі жалпы орта мектептері бар. Ал қалған 3 мектептің құрылысы алдағы жылға өтпелі.

Президентіміздің тапсырмасымен елімізде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынды. Жалпы елімізде 504 мектеп салынуда. Ал біздің ауданымызда бір мектеп салу жоспарланған. Бұрыңғы оқу-ағарту министрі Асхат Аймағанбетовтың «Жайлы мектеп» жобасына қатысты айтқаны бар еді. Ол: «Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, біз «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын дайындадық. Осы жобада біз барлық тәуекелдерді ескердік. Бұл ұлттық жобаның өз ерекшеліктері бар. Атап айтсақ, біріншіден, ұлттық жоба қаржымен толық қамтамасыз етілді. Бұған дейін республикалық бюджеттен жылына 100 миллиардқа жуық қаражат бөлінсе, енді Мемлекет басшысының қолдауымен бұл ұлттық жобаға республикалық бюджеттен 2,6 триллион теңге қарастырылып отыр. Екіншіден, мектеп салуда біркелкі құрылыс нормативтері сақталады, ол үшін жаңа құрылыс нормативтері қабылданды. Мектеп салуда бірізділікті сақтау үшін ол жұмысты ортақ оператор атқаратын болады. Бұл өте маңызды», – деді ол. 

Үшіншіден, оның айтуынша, мемлекеттік мектептерді салғанда тек оның ғимаратын тұрғызумен шектелмей, «ішкі контентіне» баса назар аударылады. Мысалы, ондағы шәкірттер ең озық әдістемелермен оқиды. Оларды су жаңа мектеп автобустары тасуға тиіс. «Ол мектептердің әрқайсысына баратын жолдар төселеді. Жанында автобус аялдамалары ашылады. Барлық инженерлік инфрақұрылымды да қамтимыз. Себебі, мұның бәрі жайлылық ұғымына кіреді, тиісінше ол мәселелердің бәрі қарастырылады. Бір сөзбен айтсақ, ұлттық жоба 800 мың балаға арнап, жоғары стандарттарға сәйкес заманауи, жайлы мектеп салынады дегенді білдіреді. Оған өте сапалы құрылыс материалдары қолданылады. Балалар үшін тиісті жағдайлар жасалады. Қауіпсіздік жүйелері де енгізілетін болады», – деген еді ол. Бүгінде осы жоба аясында үлкен құрылыс жұмысы басталғалы отыр. Жалпы ауданда 600 орындық мектептің құрылысы Қазығұрт елді мекенінің Болашақ шағын ауданында 2024 жылы басталып 2025 жылы аяқтау жоспарланған. Бұдан бөлек, өткен жылы 6 мектеп қатты отыннан табиғи газға ауыстырылды. 

Жаңа оқу жылына мектептердің дайындығы жоғары. Жалпы балалардың алаңсыз білім алуына барлық жағдай жасалуда.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Сайрамда бірқатар азаматтар марапатталды
  • «Мәңгілік жаса, қыран елім Қазақстан» шарасы өтті
  • Ақындар елдікті жырлады
  • Туған жерді түлету - жастардың қолында
  • Балаларды отансүйгіштікке баулу парыз
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер