Түркістан облысында биыл қала сыртындағы лагерлерге 41597 бала, мектеп жанындағы лагерлерде 153 мың бала жазғы сауықтыру шараларына тартылған. Бұл облыстағы жазғы сауықтыру шараларына тартылған оқушылардың 37 пайызын құрайды. Онда әлеуметтік жағдайына байланысты 23207 бала бюджет есебінен тегін, 15 мыңға жуық бала ата-аналар есебінен ақылы демалды.
Сонымен қатар, «Қазақстан Халқына» Қоры есебінен облыста 3 390 бала жазғы сауықтыру лагерлерімен тегін қамтылып, оларға Төлеби ауданында орналасқан «Қуаныш», «Көктөбе» лагерлерінде көңілді демалыс ұйымдастырылды. Сондай-ақ, мектеп жанындағы бір мезгілгі тамақпен қамтитын – 330 лагерь, 580 ойын-сауықтыру алаңшалары балалар үшін тегін қызмет көрсетті.
Түркістан облысы білім басқармасы басшысының орынбасары Ардақ Садықованың айтуынша, қала сыртындағы лагерлер өткен оқу жылында маусым айынының бірінші онкүндігінде ашылып, жаз бойы 6-8 ауысымда қызмет көрсетті. Бірінші ауысым ағымдағы жылғы 3 маусым күні басталған. Сондай-ақ, «Самал» лагерінде облыстағы 2 отбасылық үлгісіндегі балалар ауылының жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 170 тәрбиеленуші жаз бойы демалыстарын сонда өткізген.
Ал, биыл 1050 бала «Балдәурен» және «Бөбек» республикалық оқу-сауықтыру лагерлерінде сауықтырылды. Сонымен қатар, осы жылы қала сыртындағы лагерлерді ағымдағы жөндеуден өткізуге 52 миллион теңге қаралған. Айта кетерлігі, бір баланың жазғы сауықтыру құны – 30 252 теңгені құрады.
Түркістан облысы бойынша жазғы сауықтыру лагерлері соңғы лекті қабылдады. Жаз бойы онда ҚР Оқу-ағарту министрлігі «Республикалық қосымша білім беру» оқу-әдістемелік орталығының «Жаз қызығы – көңілді демалыс» жаздық іс-шаралар жоспарына сәйкес Түркістан облысы білім басқармасы «Облыстық жас туристер станциясы» мекемесі бірқатар шаралар ұйымдастырып, оқушылардың демалыс уақытын тиімді пайдаланды.