Ордабасы ауданында «Мектепке жол» жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Аудандық білім бөлімі және аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен ауданының орталық алаңында мектеп жәрмеңкесі өткізілді. Аудан әкімі Азат Оралбаевтың айтуынша, ата-аналарға отандық жеңіл өнеркәсіп өнімін нарық бағамынан төмен ұсыну екен.
Жалпы мұндағы жәрмеңкенің басты мақсаты – ата-аналардың алысқа бармай-ақ балаға қажетті мектеп құралдарын бір жерден алуын ұйымдастыру, халыққа қажетті заттарды төмен бағамен ұсыну.
Аудан әкімі Азат Оралбаев пен білім бөлімі басшысы Шұға Нұрабаева сөрелерді аралап, оқу құралдарының сатылымын бақылап шықты. Жаңа оқу жылының қарсаңында ұйымдастырылған акцияға жергілікті және Шымкент қаласынан кәсіпкерлер қатысып, өз тауарларын нарықтағы бағадан төмен бағада ұсынды. Мұнда қаламсап пен дәптерден бастап, мектеп формасы, аяқ киім мен сөмкеге дейін барлық мектеп құралдары төмендетілген бағада сатылды.
Игі шарада аудандық мәслихат депутаттары, қайырымды азаматтары мен кәсіпкерлері аз қамтылған, көпбалалы отбасында тұратын оқушыларға демеушілік жасап, мектеп формасы мен қажетті құрал жабдықтарды тарту етті.
Дәл осындай жәрмеңке осы күні Түркістан қаласында да ұйымдастырылған болатын. Жаңа оқу жылы қарсаңында облыс әкімдігінің басқармалары және «Turkistan» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы «Мектепке жол» акциясы шеңберінде халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан балаларды мектепке дайындауда атаулы көмек көрсетуде азаматтық белсенділік танытты.
Мәселен, Түркістан қаласының 10 шағын аудан төрағалары ұсынған мұқтаж отбасылардың әр қайсысынан 5 баладан жалпы саны 50 балаға қаржылай көмек берді. Игі бастама «Жеңіс» саябағында орналасқан «Белсенді өмір сүру орталығы» ғимаратында өтті.