Түркістан қаласында білім қызметкерлерінің тамыз конференциясы өтті. Конференция «Әділетті Қазақстан: сапалы білім, адал ұрпақ, табысты ұлт» тақырыбы аясында ұйымдастырылды. Алдымен республикалық тамыз кеңесінің секциялық мәжілісі болды. Түркістан облысы білім басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлының айтуынша, кеше Түркістан қаласында Ұлттық құндылықтарға негізделген білім беру саласы қызметкерлерінің «Әділетті Қазақстан: сапалы білім, адал ұрпақ, табысты ұлт» тақырыбында республикалық тамыз кеңесінің секциялық мәжілісі өтті.
Аталған республикалық тамыз кеңесінің секциялық мәжілісіне еліміздің өзге өңірлерінен 160-қа жуық білім саласының тәрбие бағытына жауапты мамандар мен Түркістан облысындағы мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары қатысты.
- Тамыз кеңесі екі күнге жоспарланған. Бірінші күні панельдік секция жұмыстары мен шеберлік сыныптары өткізілді. Екінші күні пленарлық мәжіліс Астана қаласына тікелей байланысқа қосылу арқылы өткізілді. Ал Түркістанда өтетін тамыз кеңесінің секциялық жиынына келушілер «Адал азамат - ел тірегі», «Еңбекқорлық – табысқа жетудің бірігей жолы» , «Мәдени мұра және тарихи таным» сияқты тақырыптағы секцияларға қатысты. Тәрбие саласының бас-қасында жүрген жауапты мамандар Түркістанда бас қосып, тәжірибе алмасты. Осылайша біліктілікті арттырды, - дейді басқарма басшысы.
Екінші күнгі пленарлық мәжіліс «Адал азамат – ел тірегі» тақырыбымен «Фараб» кітапханасының мәжіліс залы мен оқу залында және «Ұлы Дала Елі» орталығында өтті. Аталған тақырыбтағы №1 секция жұмысын Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің «Тәрбие жұмысы және қосымша білім беру» департаментінің директоры Меруерт Медетбекова жүргізіп отырды.
Сондай-ақ, «Буллингтің алдын алуда эмоционалды интеллектінің рөлі» атты баяндаманы Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының жетекші сарапшысы Қуандық Тайболатов сала мамандарына кеңінен тарқатып айтып өтті. Бұдан бөлек, «Жаһандық қайта құрулар дәуіріндегі ұрпақ тәрбиесі», «Әскери-патриоттық тәрбие – отаншылдық кепілі», «Медиасауат - ХХІ ғасырдағы Қазақстан азаматтарының негізгі машығы», «Тәрбие жұмысындағы жобалардың маңыздылығы», «Рухы биік, отаншыл ұрпақ мектеп тәжірибесінде», «Табысты нәтиже: идеядан тәжірибеге дейін», «Құндылықтарға бағытталған тәрбие жұмысын ұйымдастырудың әдіс-тәсілдері», «Баланың жақсы мінез-құлқы, ата-ананың жағымды іс-әрекетінен басталады», «Қоғамға қызмет ету: әлеуметтік жоба «Саналы жастар» жобасы» тақырыптарына өзге өңірлерден келген арнайы мамандар баяндамаларын оқыды.
Қатысушылар өзара пікір алмасып, сұрақтарға жауап алды. Нәтижесінде, «Тамыз кеңесі – 2023» пленарлық сессиясына ұсыныстар білдірді.
***
Ал тамыз кеңесінің №2 секция жұмысын Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы, «Психология, тәрбие және тұлғаны дамыту орталығының» директоры Анар Тәңірбергенова жүргізді. Анар Шынболатқызы алғы сөзді алып, қатысушыларға өз баяндамасын оқыды.
Сонымен қатар, «Білім –инновация» Халықаралық Қоғамдық Қоры, Тәрбие бөлімінің басшысы Самат Смақов «Құндылықтарға негізделген білім берудегі халықаралық тәжірибе» тақырыбында өз жұмысын көрсетті.
Бұдан бөлек, «Балалар мен жасөспірімдерді тәуелділіктен сақтандырудың шешу жолдары», «Рухани тәрбие – ұлттық құндылықтың қайнар көзі», «Абайдың толық адам концепциясын тәрбие үдерісінде іске асыру» , «Ғаламтор ғасырындағы еңбекке баулу мәселелері», «Дара сынып» жобасы-оқушыларды ұлттық құндылыққа тәрбиелеудің негізі, «Тәрбие келбеті: әлеуметтік желі мен Интернет кеңістіктегі балалар мәдениетін дамыту», «Ұлттық мұра жарқын болашақ: тәрбие үдерісін ұйымдастырудағы ұлттық құндылықтар мен жаңаша инновациялар», «Тәрбие – талбесіктен: Ұрпақ тәрбиесінде байқалмайтын қателіктер», «Толық адам ілімі»- рухани тәрбие өзегі», «Тәрбиенің тиімді әдістерін қолдану арқылы оқушылардың бойында ұлттық құндылықты сіңіру» тақырыптарында басқа өңірден келген қатысушы-спикерлер баяндамаларымен таныстырды.
Қатысушылар өзара тәжірибе алмасып, сұрақ-жауап кезеңіне қатысты. Секция соңында баяндамалар негізінде үздік ұсыныстар топтастырылып, «Тамыз кеңесі – 2023» пленарлық сессиясына ұсыныс енгізді.
***
Ал №3 секция жұмысын Түркістан облысы білім басқармасы басшысының орынбасары Ардақ Садықова жүргізіп отырды. Ардақ Мәдіханқызы үшінші секцияны бастап, қатысушыларға жылы лебізін білдірді. Астана қаласынан келген спикер педагогика ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессоры Сараш Қоңырбаева баяндамасымен сөз кезегін жалғастырды. Ол «Даналық мектебі – ата-аналардың педагогикалық мәдениетін көтерудің ұлттық мазмұны» туралы толық ақпарат ұсынды.
Сондай-ақ, жиын барысында «Ұлттық тәрбиенің ошағы – отбасында», «Педагогтердің үздіксіз кәсіби дамуында тәрбие мәселесі», «Бала тәрбиесіндегі ата-баба дәстүрі отбасы және мектеп», «Ұлттық құндылықтар-ұлт қазынасы. Жеке тұлғаны тәрбиелеуде ұлттық құндылықтардың маңызы», «Жеке тұлға қалыптастыруда әскери-патриоттық тәрбиенің маңызы», «Тұлғаны қалыптастыруда ұлттық құндылықтарды пайдалану», «Отбасылық тәрбие мектебі жобасы: мектеп пен отбасының бала тәрбиесіндегі ынтымақтастығы», «Цифрлық орта: мәдени мұраны дәріптеуде цифрлық технологиялардың мүмкіндіктері» тақырыптарында баяндамалар оқылды.
Мұнда да сессия барысында спикерлерге көкейде жүрген сауалдарын қойып, жауаптарын алды. Ойларымен бөлісіп, өзекті мәселелер мен ерекше ұсыныстарды талқыға салды. Олардың қатарында жаңа жобалардың жоспарлары да таныстырылды. Нәтижесінде айтылған ойларды жинақтап «Тамыз кеңесі – 2023» пленарлық сессиясына ұсыныстар берілді.