11 сынып оқушылары үшін қазірден бастап жоғары оқу орындарын таңдау маңызды шешімдердің бірі. Осы орайда Түркістан қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің директоры Айдын Түсіпжанов 11 сынып зияткерлерімен кездесіп, мотивациялық хат жазу ережелері мен отандық және шетелдік рейтингі жоғары университеттерге оқуға түсу жайлы маңызды нұсқаулық берді.
Директор өз сөзінде, мектептегі белсенділік, пән олимпиадаларына қатысу, ғылыми зерттеулермен айналысу, GPA, IELTS, SAT емтихандары бойынша нәтижелер жоғары оқу орындарына түсуге әсер ететін негізгі факторлар екенін атап өтті. Сонымен қатар, зияткерлерге жоғары оқу орындарының жаһандық, халықаралық рейтингтері мен түрлері, яғни академиялық, ғылыми беделін есептеу әдістемелерімен бөлісті.
Басқосуда талқыланған маңызды нұсқаулықтардың бірі жоғары оқу орнына түсу үшін мотивациялық эссе жазу мен дұрыс өңдеу және оны жазудағы жиі кездесетін 10 қателіктер жайлы айтылды.
«Мамандық таңдау деген өзің айналысқың келетін жұмысты таңдау ғана емес, өзің араласқың келетін ортаны да таңдау. Қазақ "Адам екі түрлі жағдайда қателеспеу керек: бірі - жар таңдағанда, екіншісі - мамандық таңдағанда" деп бекер айтпаса керек. Әлемде өзі қаламайтын мамандық иесі болып жүрген қаншама адам бар, өз жұмысын жанымен сүйіп істейтін адамдардың да саны аз емес. Мамандық таңдаудан жаңылмай, өз өмірлеріңнің бір кірпішін дұрыс қалауларыңа тілектеспін»,- деді мектеп басшысы.
Сөз соңында мектеп басшысы Айдын Елеусізұлы шетелдегі үздік университеттерге түсу үшін дұрыс жасалған құжаттар табыстың кепілі екенін айтты.