Түркістан шаһарындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде дәстүрлі апта белсенділерін марапаттау жиыны өтті. Өткен апта қорытындысы бойынша мектеп оқушылары түрлі байқаулар мен білім сайыстарына қатысып, мектеп директоры Айдын Түсіпжановтың алғыс хатымен марапатталды.
Атап айтсақ, 10 «А» сынып оқушысы Дәулет Маханбеталиев республикалық Beyond Olympіad онлайн олимпиадасынан география пәні бойынша 10-12 сыныптар арасында өткен білім додасына қатысып, жүлделі ІІІ орын иеленді. Сондай-ақ, мектепішілік шахмат турнирі бойынша үздік үштікке еніп, желілік кезеңге жолдама алған оқушылар да арнайы марапатқа ие болды. Онымен қоса, өткен оқу жылының қорытындысына сәйкес, сыртқы жиынтық бағалау емтиханының нәтижесі бойынша үздік нәтиже көрсеткен 11 «В» сынып оқушылары мен «Республикалық балалар оқулары» байқауының мектепішілік кезеңінің жеңімпаздары да марапатталды.
Таңғы жиын барысында директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Айман Кипчакбаева зияткерлер мен мектеп ұжымын апталық іс-шаралар легімен таныстырып, аталған шараларға белсенді атсалысуға шақырды.
Айта кетейік, оқу ордасында 7-11 сыныптың 502 оқушысына математика мен тілдік пәндерден оқу жетістіктеріне мониторинг өтуде. Мониторингтің негізгі мақсаты – оқушылардың білімі мен дағдыларындағы олқылықтарды анықтау, оқу үдерісінің жағдайын үздіксіз бақылау арқылы білім сапасын арттыру.
7-сынып оқушылары үшін бұл бірінші «кіріс» мониторингі болып табылады. Олар математика және тілдік пәндер бойынша берілген тест сұрақтарынан басқа, кеңістіктікте ойлауға арналған тапсырмаларды орындайды.
Мониторинг нәтижесінде алынған ақпарат мектеп әкімшілігіне жаңа мақсаттар қоюға негіз болады, мұғалімдерге оқушылардың ынтасын қалыптастыруға, қосымша сабақтар тағайындауға, оқу материалы бойынша тақырыптық жоспарлауға түзетулер енгізуге мүмкіндік береді.