Ел өркениеті қашанда жастардың білім деңгейімен өлшенеді. Ендеше, ертеңгі күннің еншісі - бүгінгі жас ұрпақтың білімі мен тәрбиесіне тікелей байланысты. Тұғыры биік еліміздің ертеңі бүгінгісінен де жарқын болуы - рухы асқақ, өресі биік, білімді де талантты ұрпақ қолында.
Олай болса, ғылым мен білімді байлығым деп есептеп, білімнің ең биік шыңдарын бағындыруға жасаған алғашқы қадамдарының бірі - жалпы білім беретін пәндері бойынша олимпиадалары мен білім сайыстары, ғылыми жобалар болып табылады. Өңірімізде ізденімпаз, білімді, жан-жақты, ғылымға құштар оқушылар жетерлік. Солардың бірі Түркістандағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 10 сынып оқушысы Дәулет Маханбеталиев. Ол республикалық Beyond онлайн олимпиадасына қатысып, жүлделі ІІІ орынды иеленді. Оқушы жетістіктерін өрістетудегі негізгі тұлға – мұғалім. Түркістандық зияткерді дүбірлі додаға дайындауда мектептің география пәні мұғалімі Серік Жолдасов жетекшілік етті.
Айта кетейік, Beyond Olympiad онлайн олимпиадасы – жоғары дәрежелі халықаралық, республикалық білім додаларының алдындағы баспалдағы саналады. Сайыста 7-12 сынып арасындағы оқушылар 5 пән бойынша (химия, математика, физика, география, биология) халықаралық олимпиадалар негізіндегі тапсырмаларды онлайн орындайды.
География пәні бойынша 10-12 сыныптар арасында өткен білім додасына қатысқан зияткер Дәулет бұған дейінде NIS желісіндегі республикалық пәндік олимпиадаларда бақ сынап, жоғары нәтижелер көрсеткен.