Қазіргі таңда педагогикалық қызметті өзінің шығармашылық дамуы мен жетістіктерін қолдану арқылы және озық педагогикалық тәжірибе арқылы жүзеге асыра алатын мұғалімнің қажеттілігі артып отыр. XXI ғасыр заман талабы бойынша мұғалімнен жүйелі креативті ойлау, ақпараттық және коммуникативтік мәдениет, бәсекеге қабілеттілік, көшбасшылық қасиеттері, оң имидж қалыптастыру қабілеті, белгісіздік жағдайында тәуелсіз әрекет ету және күйзеліске қарсы дағдыларын меңгеру сияқты кәсіби қабілеттер талап етіледі. Жаңа типтегі оқу орындарының құрылуы, білім беру мазмұнының жаңартылуы мен кәсіптік қызметтегі басқару аспектілерін айқындалуы мұғалімдердің кәсіби және педагогикалық біліктілігін арттыру қажеттілігін анықтайды. Педагогикалық кадрлардың сапалық деңгейі білім беру жүйесінің маңызды құрамдас бөлігі болып табылады, өйткені барлық басқа бөлшектерді енгізу тікелей білім беру жүйесіндегі адами ресурстарға байланысты. Мұғалімдер өздерінің кәсіби біліктілігін арттыруға құқылы және міндетті. Біліктілікті көтеру көрсеткіші мекеменің аттестациялау және мемлекеттік аккредиттеу кезіндегі бағалауының маңызды бөлігі болып табылады.
Осы орайда Түркістан қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде мектепішілік курстар бастау алды. Мектеп мұғалімдеріне арналған бұл курстар ұстаздар қауымы өзара тәжірибе алмасып, ағылшын тілі деңгейін көтеру, өзара кәсіби өсу мақсатында тәжірибе тарату алаңы ретінде ұйымдастырылды.
Айта кетейік, шетелдік мұғалімдермен бірге ағылшын тілі деңгейін жақсарту бойынша «IELTS preparation» мен «Speaking club» курстары, ұстаздар қауымына жаңадан қосылған жас мұғалімдер мен педагог-ұйымдастырушы-кураторлар және педагог-тәрбиешілер үшін «Жас маман мектебі» курсы, қазақ тілін меңгеру жүйесін бағалау жүйесі «Qaztest-ке» дайындық курсы, сайт жасау мен видео түсіру негіздерін үйрену бойынша «AKT» және «Сабақты зерттеу» курстары жүйелі түрде аптасына бір рет жүргізіледі.