Қамшы өнер туындысы, сый - сияпаттың төресі. Қилы- қилы замандар ағымында қамшы қазақтың керегесінен кетіп, ұмыт бола бастады. Атам қазақ қамшының қыр-сырына бесігінен қаныққан, кие-қасиетін ана сүтімен қатар сүйегіне сіңіріп өскен. Өкінішке қарай, қазіргі таңда қамшы өруді, қам¬шыгерлікті жас ұр¬паққа үйретіп, насихаттап, ерлік дәстүрімізді жалғап жүрген атакәсіп иелері некен-саяқ. Қысқасы, бүгінде қамшы өретіндер де санаулы.
Солардың бірі - қазақтың ұлттық өнерін жанына серік еткен келестік Жалғасбек Диас! Ол №1 О. Есімов атындағы мектептің 8 сынып оқушысы. Диас сабақтан тыс уақытында қамшы өреді.
– Қамшының сабынан өрімі қысқа түрлері де болады. Ерлерге арналған, әйелдерге арналған, балаларға, қарияларға арналған түрлері бар. Негізі 3 өрімнен 40 өрімге дейінгі қамшылар бар. Негізі қамшылар жасалуына, қолданылуына байланысты бірнеше түрге бөлінеді. Оның әрқайсының атқаратын қызметі, мақсаты, мағынасы бар. Қамшы жасау оңай емес.Ұстазым әзірге 3,6,8 өрімдерді үйретті,-дейді жас еңбекқор Диас.
Диастың бұл өнерге ерекше қабілеті бар екенін алғаш байқаған ұстазы - Нурбол Муратаев. Мектеп мұғалімі бірнеше жылдан бері мектепте арнайы үйірме ашып талантты балаларға қолдау көрсетіп келеді.
Айта кету керек, биыл Диас оқитын мектеп 100 жылдық мерейтойын атап өтуде. Іргелі білім ордасы сан мыңдаған дарынды түлектерге білім берген.