Ленгір қаласында үлгілі Бекішевтер отбасы тұрады. Әулеттің үлкені Бекішев Мырзаш ата өмірінің 40 жылын білім беру саласына арнаған. Ақсақалдың зайыбы Есенова Гүлбазар әже де білім беру саласында 40 жыл еңбек етті.
Мырзаш Бекішұлы Ленгірдегі №2 Ш.Уәлиханов атындағы жалпы білім беретін мектепте физика және математика пәндерінің мұғалімі, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болып жұмыс істеді. Ал Гүлбазар Махмудқызы аудан орталығындағы мектеп-интернатта ағылшын тілі пәнінің мұғалімі, оқу ісінің меңгерушісі, №6 жалпы білім беретін мектепте де оқу ісінің меңгерушісі, «Қарлығаш» бөбекжайының меңгерушісі болып жұмыс істеген. Ардагер ұстаздардың екеуі де бүгінде бейнеттерінің зейнетін көріп отыр.
Ата-әженің қолында тұратын ұлы Данияр Бекішев те мамандығы бойынша мұғалім. Педагогикалық өтілі 23 жылды құрайтын, педагог-шебер санатты Данияр Мырзашұлы біраз жыл әкесі ұзақ жыл ұстаздық еткен жоғарыда аталған мектепте физика пәнінен сабақ береді.
Қазіргі кезде Ленгірдегі мамандандырылған мектеп-интернаттың мақтаулы мұғалімі. Оның зайыбы Гүлмира Бекішева да педагог. Гүлмира Мырзабайқызы жоғары оқу орнын бітіргелі Ленгірдегі бөбекжайдың педагогы болып қызмет атқарып келеді. Жиырма жеті жылдық тәжірибесі бар Гүлмира ханым мектеп жасына дейінгі балаларды музыкаға баулып жүр. Бүгінгі таңда Бекішевтер әулетінің жалпы педагогикалық өтілі 130 жылды құрап отыр.