Зағира Әбенқызы Мұстапаева – өмірін бала біліміне арнаған аяулы ұстаз, білікті басшы. Бірнеше білім ордасында педагогикалық қызмет атқарған Зағира Әбенқызы соңғы жұмыс күндерін Төле би атындағы №19 жалпы білім беретін мектебінде өткізіп, мектеп басшысы ретінде зор сый-құрметпен құрметті зейнеткерлікке шыққан болатын. «Мұғалімдер күні» мерекесі қарсаңында мектептегі әріптестері мен шәкірттері мектептің алғашқы директоры, ұлағатты ұстаз, Ы.Алтынсарин төсбелгісінің иегеріне тағы да құрмет көрсетіп, мектептегі арнайы пән кабинетіне Зағира Әбенқызының есімін берді.
"Ұстаз болу - жүректің батырлығы" тақырыбындағы кездесу кешіне Түркістан қалалық білім бөлімінің басшысы Оразкүл Шайхықызы Қолдасова, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, танымал журналист Роза Нарымбетова, мәдениет қайраткері Ұлжан Әбенқызы Мұстапаева, Зағира Әбенқызының отбасы мен жақын туыстары, мектептің ұстаздары және оқушылар қатысып, ұстаздың қуанышымен ортақтасты.
Мектеп оқушыларының арнайы дайындалған концерттік бағдарламасымен жалғасып, жылы лебіздермен жалғасын тапқан шарада мектеп директоры Шынар Ерғалиқызы Тілеубергенова Зағира Әбенқызының еңбек жолына тоқталып, мектептің сол жылдары жеткен жетістіктерін, тіпті, республикадағы 100 үздік мектептің қатарына енгендігін мақтанышпен атап өтті. Қалалық білім бөлімінің басшысы Оразкүл Шайхықызы, журналист Роза Нарымбетова және басқа да қонақтар жүректен шыққан жылы лебіздерін ұлағатты ұстазға арнады.
Мектептің 20 жылдығына орай ұжым мүшелері және ұстаздың перзенттерінің атсалысуымен ашылған кабинет Зағира Әбенқызына арналған тосынсый болды. Кабинетке енгенде ғана білген Зағира Әбенқызы көзіне еріксіз жас алды. Кабинет заман талабына сай жабдықталған. Мұнда да жылы лебіздер, құттықтаулар жалғасып, ұлағатты ұстазбен ашық сұхбат өтті. Зағира Әбенқызы барлық әріптестеріне, шәкірттеріне, шара қонақтарына алғысын жеткізіп, кейінгі буын өкеілдерінің алдағы жұмыстарында сәттіліктер тіледі.