Қазіргі заман мұғалімі қоғамдық дамудың деңгейінен көрінетін, оның әлуметтік парызына жауап беруді көздейтін, жаңалыққа сирек, өз ісіне гуманистік сезіммен қарайтын, педагогикалық күрделі үрдістердің барысын идеялық – адамгершілік тұрғысынан шеше алатын, жаңаша ойлау дағдысын меңгерген, балалардың талапкерлілігі мен қабілетін өздігінен еркінен дамуын ұйымдастыра алатын, және ата – аналармен педагогикалық ынтымақтастықты орнатуға бейімі бар әр шығармашылықпен еңбек ете алатын маман болуға тиіс. Ол шәкірт жүрегіне жол табарлық пәнін қызықтырарлық жол іздейді, өз білімін жетілдіреді, жаңа технология пайдаланады.Өйткені шәкірттен терең білімділікті, ұстамдылықты, еңбекқорлықты , мәдениеттілікті талап ету үшін мұғалімнің өзі сол қасиеттердің үлгісі боларлық дәрежеде болуы тиіс.Сөйтіп, өмір талабының артта қалмаған, үнемі шығармашылық іздену үстіндегі ұстаз ғана шәкірттердің сеніміне ие болып, сый – құрметіне бөленбек.
Міне осындай ортасына да, оқушыларына да сыйлы Назира Сейтқұлқызы. Сауран ауданы «Құмтүйін» жалпы білім беретін мектебі биология және химия пәндерінің мұғалімі. Білімі жоғары саурандық ұстаздың шәкірт тәрбиелеп келе жатқанына биыл 36 жыл. Бұқаралық ақпараттық құралдарда, педагогикалық басылымдарда жаңартылған білім мазмұны бойынша дәріс береді. Республикалық "Химия мектепте" ғылыми-педагогикалық журналында, "Тәрбие сағаты" педагогикалық-әдістемелік басылымында, «Білім айнасы» республикалық ғылыми-танымдық газетінде ашық сабақтар, баяндама, сценарийлер жиынтығымен бөліскен. "Білім беру ісінің құрметті қызметкері", химия және биология пәндері мұғалімдерінің І съезінің делегаты. Отбасылы. 5 ұл-қыз тәрбиелеп, немере сүйіп отырған ардақты әже.
Ал жас маман Гүлсім Алтайқызының мектеп қабырғасында жұмыс істеп жүргеніне 1 жыл 7 ай болғанына қарамастан оқушылардың сүйікті мұғаліміне айналып үлгерді. Аудандағы Ә.Сығай атындағы жалпы білім беретін мектебінде қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі. Ол білімі жоғары, педагогика ғылымдарының магистрі. "Қиынды оңай қиыстыру" лайфхактар сайысында республика бойынша үздік спикер, халықаралық қоғамдық-әдеби, ағартушылық "SARASOZ" журналының белсенді авторы. Республикалық "Жас ұстаздар" клубының мүшесі.