Түлкібас ауданындағы А.Пушкин атындағы ақпараттық технологиялар мектеп-лицейінде Ұстаздар күніне орай "Ұстаздарыма - мың алғыс" атты салтанатты жиын өтті.
Аталған іс-шараға "Қариясы бар елдің- дариясы бар" демекші ұрпаққа айтар ақылы, көрсетер өнегесі бар, аналық, әкелік сезімнің, дана ойдың ыстық лебі бар, аға ұрпақ өкілдері зейнеткер ұстаздар шақырылды.
Жиынды мектеп директоры Шаймерденов Марат Мүсілімұлы ашып, Білім көшін жылжытып келе жатқан ұстаздар қауымын кәсіби мерекелерімен шын жүректен құттықтап, еңбегі елеулі ұстаздарды Алғыс хатпен марапаттады.
Ұстаздар – мемлекет пен қоғам арасындағы алтын көпір тәріздес. Мемлекеттің идеологиясы, қоғамның дәстүрі мен құндылықтары, адамзаттың асыл қасиеттері, ғылым мен өнердің ұстаздар арқылы ұрпақтан ұрпаққа жол тартады. Ұстаз болашақ азаматтарды ғана емес, бүкіл болашақ қоғамды қалыптастырады. Мұғалімнің бала тәрбиесіндегі, білім шыңына жету жолындағы қосар еңбектері мен үлестері орасан зор. Жиын барысында мектеп оқушыларының ұйымдастыруымен концерттік бағдарлама қойылып, ұстаздар құрметіне ән, би шырқалды.