Ұстаздар жайында халқымыздың ұлы батыры Бауыржан Момышұлы «Ұстаздық — ұлық емес, ұлы қызмет. Себебі, ұрпақтарды ұстаз тәрбиелейді. Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді… Өмірге ұрпақ берген аналарды қандай ардақтасақ, сол ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздарды да сондай ардақтауға міндеттіміз” деген.
Ендеше өз ісіне берілген, жаңалықты жатсынбай қабылдайтын, шәкіртінің жанына нұр құйып, өмірге өзі де бақытты болып, өзгелерді де бақытқа жеткізсем деп жүретін ұстаздардың бірі , бірегейі Түлкібас ауданындағы Б. Момышұлы атындағы жалпы білім беретін мектептің география пәнінің мұғалімі – Марс Сәрсенов. Осы аталған мектепте 28 жыл жемісті еңбек атқарып келеді.
Марс Тазабайұлы ұстаздық жолында шәкірттерін білім нәрімен сусындатып қана қоймай, әр баланың биіктен көрінуіне ерекше ден қойған. Жылдар бойы география пәнінен болатын аудандық облыстық олимпиадаларға шәкірттер дайындауда еш аянып қалған емес. Оқушыларының білім көкжиегінен көрінуі жолында бойындағы бар күш-жігерін сарпыған ұстаз еңбегі өлшеусіз ғой.
«Ұстаз бақыты – шәкіртінің жетістігін көру» болса, Марс Тазабайұлының дайындаған оқушылар әр жылда өтетін аудандық облыстық олимпиадаларда жүлделі орыннан көрініп келеді. Жетекші үміт артқан оқушылар өз нәтижелерін көрсетіп, білімдерін дәлелдеп шығуда. Биыл да ұстаздың 2 оқушысы пән олимпиадаларында жүлделілердің қатарынан ойып орын алды. Осындай дәрежеге жеткізген ұлағатты ұстазымыз Марс ағайдың қажырлы еңбегінің арқасы деп білеміз.