Түлкібас ауданы Б. Момышұлы атындағы жалпы білім беретін мектебінінің информатика пәнінің мұғалімі, педагог – зерттеуші, Шарбану Құлмамбетова өз ісіне берілген жан.
«Ұстаздық еткен жалықпас, Үйретуден балаға» — деп Абай атамыз айтқандай, жас ұрпаққа адам бойындағы адамдық асыл қасиеттерді қастерлеп, өмір талабына сай заңдылықтарды, құндылықтарды түсіндіріп, үйретіп, шәкірттерінің шырағын жағып, болашақ өмір жолдарына дұрыс бағыт-бағдар беріп жүрген ұстаздардың бірі. Өз ісіне шынайы берілген, жаңалықты жатсынбай қабылдайтын, шәкірттің жанына нұр құйып, өмірде өзі де бақытты болып, өзгелерді де бақытқа жетелеп жүрген, еңбекқор жан. Ұстаздар туралы Бауыржан Момышұлы бабамыз: «Ұстаздық – ұлы керемет. Себебі, ұрпақты ұстаз тәрбиелейді. Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді…. Өмірге ұрпақ берген аналарды қандай ардақтасақ, сол ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздарды да сондай ардақтауға міндеттіміз» деген. Өте тамаша айтылған сөз емес пе? Егер адамның жүрегінде ізгілік, мейірімділік сәулесі болса, ол – мұғалімнің еңбегі. Сол нұрды әрбір жеткіншектерге жеткізіп, жүрегіне сіңіру үшін қаншама тер төгеді десеңізші! Адамды тәрбиелеп, оны азамат атандырудың өзі бір үлкен күш, бақыт емес пе? Сондықтан да ұстаздардың еңбегі – ұлы еңбек. Озық білім мен кенен ғылымды ұштастыра білген, білім атты асыл құндылықты, оны халық игілігіне жаратуға тікелей атсалысушы аяулы ұстаз, Шарбану Бахадырқызының білім ошағында өзіндік орны бар.