Түркістан қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде «Даналық бейсенбі» жобасының кезекті қонағы ретінде Шымкент қаласы химия-биология бағытындағы NIS түлегі, информатика мамандығы бойынша Лондондағы «Brunel» университетінің түлегі Арухан Кеңес келді.
Кездесуде жоба қонағы түркістандық зияткерлермен танысып, өзі туралы, NIS-ке қалай оқуға түскені және шетелде оқудың оң және теріс тұстары жайлы мектеп оқушыларымен әңгіме өрбітті.
Арухан Кеңес зияткерлерге әлемдік экономикадағы ең перспективалы салалардың бірі IT саласының өкілі ретінде неліктен бұл саланы таңдағаны жөнінде және оның мүмкіндіктері мен жаһандық деңгейдегі алар орны, компьютерлік ғылымның дамуы жайлы толық баяндап берді. Сонымен қатар, Арухан ағылшын тілін меңгеруде және IELTS халықаралық емтиханына дайындық кезіндегі тайм-менеджмент жайлы өз лайфхактарымен бөлісті.
Түркістандық зияткерлер де өз кезегінде бағдарлама қонағына жоғарғы оқу орнына түсуде емтиханға дайындық барысы мен Еуропа елдеріндегі үздік университеттерді таңдауда олардың айырмашылықтары мен грантқа түсу туралы сұрақтар қойды.
Кездесу соңында директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Айман Қыпшақбаева сөз сөйлеп, түркістандық зияткерлерге өз тәжірибесімен бөлісіп, шабыт беруге келген Арухан Кеңеске алғыс білдіріуде мектеп атынан естелік сыйлық сыйлады.
Басқосу соңында оқушылар жоба қонағымен суретке түсіп, жекелей сұхбаттасуға мүмкіндік алды.