Түркістандағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде апта басы «Жаһандық азаматтық» құндылығына негізделген апталықтың ашылуымен басталды. Мектеп фойесінде апталықты айшықтайтын түрлі безендірулер мен әлемдегі барлық мемлекеттердің тулары ілініп, оқушыларға викториналық сұрақтар мен ойындар ұйымдастырылды.
Сондай-ақ, дәстүрлі таңғы жиында директордың сыртқы байланыс жөніндегі орынбасары Асхат Қуатұлы «Жаһандық азаматтық» апталығы жоспарымен таныстырып, зияткерлерді іс-шаралардан қалыс қалмай, белсенді атсалысуға шақырды.
Өткен апта мектеп ұжымы мен оқушылар үшін жемісті әрі нәтижелі жұмыстардың жетістігі көрініс тапқан апталардың бірі болды. Атап айтсақ, NIS жүйесінің айтулы оқиғасына айналған, 21 Зияткерлік мектептің үздік мұғалімдерін анықтайтын «Үздік жыл мұғалімі – 2023» байқауында кіл мықтылар ішінен мектеп абыройын асқақтатып, жүлделі ІІІ орын иеленген қазақ тілі пәнінің мұғалімі Шыңғыс Дарханды мектеп директоры зор қошеметпен марапаттады.
Сонымен қатар, мектепішілік ғылыми жобалар сайысының қорытындысы бойынша 105 жоба ұсынылып, 28 оқушының 18 жобасы желілік кезеңге жолдама алған зияткерлер де марапатталды. Онымен қоса, «Алтын күз» қайырымдылық жәрмеңкесінің қорытындысы бойынша жоғары үлес қосқан «Ордабасы» шаңырақ бірлестігі директордың арнайы марапатына ие болып, қазіргі таңда отандық кинопрокаттағы фильмдерді көруге жолдама алды.