Пән олимпиадасы - ғылымның алғашқы баспалдағы

image.png

Олимпиада десе, бірден есімізге әнұрандар асқақтаған спорттық олимиадалар еске түседі. Бірақ, бұдан өзге атағы мен даңқы, айбыны мен ауқымы одан аласалау болса да, маңызы одан кем қалмас ғылым бәсекесінің алғашқы әрі маңызды басқышы – пән олимпиадасы.

Пән олимпиадасы – ғылымның алғашқы басқышы, бала санасына ғылымның алғашқы ізденістерін қалыптастырып, болашақ ғалымдарды баулитын, ғылымға еркін бойлайтын жастар қосынын қалыптастыратын ең үлкен және ең тамаша бағдарламалық бәсеке.

Әлемнің дамыған мемлекеттерінің баршасында өте жоғары деңгейде жолға қойылған, кейде әлемдік білім сапасын, орта білімнің деңгейін, жоғары білімнің өресін бағалайтын негізгі көрсеткіштердің бірі. Білім бәсекесіне түскен, ғылым — техниканың көз ілеспей дамыған мына заманында ғылымның терең сырына бала жастан бейімдеу елдің ертеңгі деңгейіне жоспарлы дайындық болары хақ.

«Біз білекпен сынасқан заманда ешкімге дес бермедік, ал, біліммен жарысар заманда өзгеден кем қалмалық», — деген Абылай ханның арманы да, Осыны әр жолдауына еске сап жүрген Президент Қасым-Жомарт Тоқаевта елдің өндіргіш күші болып есептелетін ғылымды дамытуға бөлген назары да, дамыған 30 елдің қатарына кірудің алғы шарты да осы ғылымда болса керек. 

Пән олимпиадасына дайындық, адамның мидың ең жоғары қабылдау кезеңінде басталатындықтан, ол оқушылардың логикалық ойлау формасын дамытып қана қоймай, ғылымға деген көзқарасын қалыптастырып, болашақ бағдарын айқындайтын тамаша ғылыми ізденіс. Егер сапалы және жүйелі дайындық жүргізілсе, баланың ми клеткалары сапалы қозғалысқа келіп, оқушының алғырлығы арта түсетіні ғылымда дәлелденіп келеді. Сапалы әрі жүйелі дайындық — тек баланың ғылымға ғана көзқарасын қалыптастырып қоймай, болашаққа деген нық сенімін орнатып, өзіне деген сенімін нығайтып, биік мақсаттар қоя алатын тұлға тәрбиелеудегі тамаша дағды.

Осы орайда Шардара ауданы  «Қ.Аманжолов атындағы жалпы білім беретін мектебінде»  5-11 сынып оқушылары арасында оқушылардың жеке дара дайындылығын анықтау, әрбір пәнге деген қызығушылықтарын арттыру, білімдерін шыңдай отырып, аудандық кезеңге дайындықты нығайту мақсатында мектепішілік жаратылыстану-математикалық бағыты бойынша пәнаралық олимпиада өтті. Мектепішілік пән олимпиадада 1 орынға ие болған оқушылар аудандық пәндер олимпиадасына жолдама алып, сабақтан тыс уақытта қызу дайындыққа кіріседі. Мектептің олимпиада командасы жыл сайын ауданда жүлделі орындарды иеленіп, облыстық білім додасына қатысып келеді. Осындай дәстүрлі мектепішілік іс-шаралар оқушылардың оқуға деген қызығушылығын арттыра отырып, түрлі білім сайыстарына қатысуға белсенділіктерін дамытады. 

      Жаратылыстану пәндері бойынша олимпиадаларының барлық (аудандық, облыстық және республикалық) сатылары, әдетте, теориялық және тәжірибелік екі кезеңнен тұрады. Мысалы, химия пәнінде, теориялық кезең тапсырмалары көбінесе сандық есептерден тұрады. Сонымен қатар, олардың қатарына химиялық өзгерістер тізбегін шешу, тотығу-тотықсыздану реакцияларын теңестіру, органикалық заттардың изомерлерін жазу сияқты тапсырмалар қосылады. 

Ал, химия пәні — екінің біріне бағына бермейтін, қызығы мен құпиясы мол, көбірек еңбектену мен ізденуді талап ететін жаратылыстану ғылымдарының бірі. Бірақ жалпыға ортақ бір заңдылық — кез келген ғылымды жүйелі түрде, өз заңдылығы бойынша үйренгенде ғана нәтижеге қол жеткізуге болатынын ұмытпаған жөн.

Химияда теориялық білім – оқушылардың химияны үйренуіндегі алғашқы әрі маңызды бөлімі болса, эксперимент жасау – оқушының теориялық білімін қолдану арқылы өз біліміне деген сенімділігі арттырады. Ал, алған білімді іс жүзінде қолдана отырып, әр түрлі деңгейдегі сандық есептер шығару – оқушының логикалық ойлау қабілетін дамытып, өз білімін  қолдануға деген ізденісін тудырады. Мектептегі химия пәнін үйретуде аталған үш бөлім бір-бірінсіз, оқушының кемелді білім алуына шектеу қоятындығын естен шығармау керек. Оқушының алған білімін жүйелі түрде қолдана білуі — оның табысқа жетуінің кілті.

Пән олимпиадасы елдегі дарынды балаларды анықтаудың, оларды ғылым жолына бағыттауда баламасыз жоба. Себебі, дарынды балаларды анықтау және оларды ғылымға тарту елдің ертеңіне іргетас қалау деген сөз. Дарынды тұлғаларды олимпиадаларға дайындауда олимпиадалық есептер, логикалық тапсырмалар, күрделенген олимпиадалық сұрақтар бала дарынының өсуіне, логикасының артуына үлкен септігін тигізіп, баланы мұқияттылық пен еңбекқорлыққа тәрбиелейді. Бұл өз кезегінде, елдің интелектуальдік деңгейіне себілген тыңайтқыштың рөлін атқармақ.

Екіншіден, пән олимпиадаларына дайындау балалардың ғылым жолына түсуіне көмек жасап, елдің болашақ ғылыми базасын қалыптастыруға тың үлес қосады. Себебі, спорттық олимпиадалар секілді ғылым жолына ізденіс бала жастан қалыптасқанда ғана үлкен нәтижеге жеткізері анық. Олимпиадалық тапсырмалар оқушыларға дұрыс ғылыми көзқарас қалыптастыруға бағыт сілтеп, ғылымға деген құштарлығын арттырады.

Үшіншіден, логикасы дамыған, ғылыми көзқарасы сауатты жастардың ғылыми жаңалықтар ашу мүмкіндігі өте жоғары. Бұл өз кезегінде ел ғылымына үлкен локомотив қалыптастыруға арналған күш болмақ. Ал, ғылым ХХІ ғасырдағы әлемді өз уысына ұстаған бірден-бір күш болғандықтан, бұл салаға баса мән беру елдің ертеңгі дамуы мен баяндылығына қосқан үлес болмақ.

Төртіншіден, халықаралық деңгейдегі кез келген бәсеке елдің әлем алдындағы бет беделі. Ал, халықаралық сарапшылар елдің ғылымға деген көзқарасы мен әр елдің ғылымдағы рөлін, мектептердегі білім сапасын, ұлттық интелектуальдіқ деңгейін осы пән олимпиадалары арқылы сараптайтындықтан, елдің әлем алдындағы беделіне әсер етеді.

Бесіншіден, пән олимпиадалары ұстаздардың деңгейін арттырып, ұстаздар қосынын сапаландырады. Себебі, пән олимпиадаларына шәкірт тәрбиелеу ұстаздардың күнделікті бір ізді сабақ беруден құтылдырып, жаңа ізденіске жетелейді. Оқушының пән олимпиадасындағы деңгейі жоғарылаған сайын сәйкесті түрде ұстаздың да деңгейі жоғарылай түседі. Ал, ұзақ уақыт олимпиадаға шәкірт тәрбиелеген ұстаздың кәсіптік білімі өзгеден оқ бойы озық тұрары анық. Бұл елдің білім сапасын арттыруға үлкен үлес болмақ, себебі елдің білім сапасын белгілейтін ең негізгі түйін ол – ұстаз сапасы.

Пән олимпиадаларын дамытудың елдің дамуы мен нағыз мәңгілік елге айналуына қосатын үлесі аса зор, оны ғылыми сараптамадан өткізіп дамыту — кезек күттірмейтін маңызды шаруалардың бірі. Ал, химия, физика, математика, биология және география секілді математика-жаратылыстану бағытындағы пәндерге басымдылық беру — елдің географиялық ерекшелігі. Себебі, елдің териториялық ауқымдылық ерекшелігі мен байлық қоры осы ғылымдарға мән беруді қажет етеді. Ал, жоғарыда айтқандай, ғылымды дамытудың алғышарты — пән олимпиадаларын дамыту болмақ. 

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Сайрамда бірқатар азаматтар марапатталды
  • «Мәңгілік жаса, қыран елім Қазақстан» шарасы өтті
  • Ақындар елдікті жырлады
  • Туған жерді түлету - жастардың қолында
  • Балаларды отансүйгіштікке баулу парыз
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер