Қазіргі таңда еліміздегі дін саласындағы өзекті мәселелердің бірі деструктивті идеологиялардың таралуы болып табылады. Деструктивті діни ағымдар қоғамдық қауіпсіздікке, неке және отбасы институтына, адам денсаулығына қатер төндіреді. Деструктивті діни ағымдар азаматтарымыздың құқықтарын бұзатын, оларға психологиялық әдіс-тәсілдерді қолдана отырып, зиянын тигізетін ағымдар. Олардың ортақ сипаты – діни ілімінің ақиқаттылық деңгейінен емес, оған мүше адамдардың қоршаған әлеуметтік ортадан оқшаулануы мен жетекшілік еткен азаматтарға көзсіз бағынуынан көрінеді. Деструктивті діни ағым немесе ұйым — бұл өз ізбасарларының сана-сезімі мен еркіне толық бақылау орнатуға тырысатын деструктивті діни немесе жалған діни ұйым.
Осы орайда «Ұлттық сараптамалық талдау орталығы» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен Шардара ауданында дін саласындағы діни тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында Шардара қаласында орналасқан Қ.Аманжолов жалпы орта мектебінің жоғарғы сынып оқушыларымен «Деструктивті діни ағымдардың алдын алу», «Шетелде діни теологиялық білім алудың қаупі», «Әлеуметтік желінің жастарға кері әсері», - тақырыбында кездесуге аудан әкімінің орынбасары, аудандық ақпараттық - түсіндіру тобының жетекшісі Б.Шомпиев, аудандық ішкі саясат бөлімінің әдіскері, теолог маманы А.Данияров, Шардара ауданы Жаушықұм ауыл округі «Қонар ата» мешітінің имамы Е.Сариев, аудандық білім бөлімінің әдіскері М.Мырзабасов, Шардара қаласы «Аль-Фаттах» мешітінің имамы Н.Байжанов, ауыл биі Ш.Керімбеков, мектептің учаскелік инспекторы, полиция капитаны М.Дүйсенов қатысты.
«Жастар арасында «Деструктивті діни ағымдардың алдын алу», «Шетелде діни теологиялық білім алудың қаупі», «Әлеуметтік желінің жастарға кері әсері» - тақырыбында сөз қозғалып, оның мән - мағынасы түсіндірілді. Мемлекет басшысы Республикалық педагогтар съезінде Қазақстан Конституция бойынша зайырлы мемлекет екеніне назар аударды. Сондай - ақ қоғамда қызу пікірталасқа ұласқан дін мәселесіне байланысты пікір білдірді. Бұл қағида барлық жерде, соның ішінде білім беру мекемелерінде қатаң сақталуға тиіс. Мектеп - ең алдымен, білім ордасы. Балалар мектепке білім алу үшін барады. Ал діни ұстаным - әр азаматтың жеке мәселесі, өз таңдауы. Елімізде дін бостандығына заңмен кепілдік берілген. Балаларымыз есейіп, дүниетанымы толық қалыптасқан соң өз таңдауын жасағаны дұрыс деп санаймын. Ең бастысы, көзқарасы айқын, санасы сергек әрі дәстүрге берік ұрпақ тәрбиелеу керек, - деді. Халықтың бірлігі - Қазақстанның барлық жетістіктерінің кілті екендігі айтылды. Сонымен қатар ұлтаралық қатынас мәдениеті ұлттардың айырмашылығына, тіліне, салт - дәстүр, әдет - ғұрыптарына құрметпен қарауынан басталады. Бейбітшілік пен тұрақтылық - жалпы халықтық жетістік. Көзі ашық, көкірегі ояу жастар мұны жақсы түсінеді. Сондықтан бүгінгі таңда татулықты сақтап, ұйып отырған бірегей мемлекетіміздің тыныштығы мен берекесін арттыру жолында қызмет етуіміз керек - деді Б.Шомпиев.
Деструктивті діни ағымдар деп – қоғамда қалыптасқан дәстүрлі жүйеге дін атын жамылып, қауіп төндіретін, негізсіз терістейтін, жоққа шығаратын, прозелетизмді насиқаттайтын, дін атына сай емес мұрат-мақсаттарда іс-әрекеттер жасап, заңсыз немесе заңның тиімді тұстарын әртүрлі қитұрқы әдіс-тәсілдермен өз мүддесіне барынша пайдаланатын деноминацияларды айтамыз.
Кез келген діни ағымның деструктивтілігі оның мақсаттарынан және іс-әрекетінің нәтижесінен аңғарылады. Теріс пиғылды ағымның арбауына түскен адамның жеке өмірінің деңгейі, сондай-ақ оның әлеуметтік, физикалық, экономикалық, рухани және моральдық жағдайы бұзылады. Соның салдарынан отбасы мен қоғам зардап шегіп, мемлекеттің қауіпсіздігіне нұқсан келеді.
Шардара аудандық ішкі саясат бөлімінің әдіскері, теолог маманы А.Данияров: «Бүгінгі күннің бет алысына қарай мың құбылып, сабан астынан су жүгіртуді көздейтін деструктивті діни ағымдармен біз ымырасыз күресуге тиістіміз. Өйткені, деструктивті діни ағым өкілдері жоққа шығарғысы келген дәстүрлі құндылықтарымыз ұлтымыздың қаны мен жаны болып есептеледі. Ал, рухани құндылықтарсыз мемлекеттің болашағы бұлыңғыр. Яғни, дәстүрлі құндылықтарымызды көзіміздің қарашығындай сақтау заман талабы. Жаһандық деңгейде әрекет ететін деструктивті ағымдардың ықпалымен күресте қоғамда ұлттық және діни-рухани құндылықтарды кеңінен насихаттау арқылы ғана біз бүгінгі қоғамды және келешек ұрпақты жат идеологиялардың кері әсерінен қорғауды қамтамасыз ете аламыз. Шығыста бір дана сөз бар: «Терезені ашсаң, таза ауамен бірге шаң-тозаң кіреді», – деген. Кезінде түрлі діни ағымдар тәуелсіздік алған жылдары біздің де есігімізден кіріп, төрігімізге шыға жаздады. Алайда қазір діни жағдай тұрақталды. «Ағым» деген сөздің өзі аты айтып тұрғандай, ағып өте шығатын құбылыс. Исламда талай ағымдар болған. Алайда олар өз дәуірінде ықпалды болғанымен, уақыт өте келе өміршеңдігінен айырылып, әлсіреп, жер бетінен жойылып кетті. Сол секілді, бүгінгі діни ағымдар да ертең-ақ жойылып кететініне сенімдіміз. Алайда біз өз мүмкіндігіміз бен қабілетімізді, ықпалымызды пайдаланып, жастарымызды, өскелең ұрпақты жат ағымдардың идеологиясынан сақтап қалуымыз керек. Ол үшін қоғам болып күресуіміз тиіс»,- дей келе дінімізді бұрмалап әртүрлі жаңалықтарды енгізіп, дінімізден, тілімізден, ділімізден, мәдениетімізден, қазақты қазақ етіп көрсететін салт - дәстүрімізден, ұлттық құндылықтарымыздан айырып, халық арасында араздық, дұшпандық, жеккөрушілік, тасбауырлық тудырып, ынтымағынан, бірлігінен айырып, ұмыттырғысы келгені, түрлі ағымдардың өте белсенді түрде жұмыс жасап жатқандығын айтты.
Шардара ауданы Жаушықұм ауыл округі «Қонар ата» мешітінің имамы Е.Сариев: Қазіргі таңда жастарымыздың жат ағамдардың арбауына түсіп қалмауы үшін жастарымыздың діни сауаттылығын арттыру керектігін, әлеуметтік желілерде тыйым салынған уағыздардан сақтануын түсіндіре келе тұрғындарға ҚМДБ - ның сайттарынан мәлімет алуға болатынын ескертті. Сонымен қатар, халқымыздың салт - дәстүрлері, әдет - ғұрыптарының жас ұрпақты тәрбиелеудегі маңызына тоқталды.
Кездесу барысында сала мамандары оқушыларға отанды сүю иманнан екенін және жастарға түрлі кереғар діни ағымдардан сақтану жолдары, тәлім-тәрбиелілік, біліктілік, ата-ананы құрметту сынды тақырыптар төңірегінде сөз қозғап жасөспірімдер көкейіндегі сұрақтарына жауап алды. Сондай-ақ әлеуметтік желілерге (инстаграм, фейсбук, телеграм, ватцап) келген ақпараттарды лайк, комментария және теріс діни ағымдағы фото-видеоларды таратпауға кеңес берді.