Жалпы білім алушылардың біліктілігін арттыру және кітап оқуға деген құштарлығын ояту мақсатында жыл сайын 8-10 сынып оқушылары арасында дәстүрлі Республикалық балалар оқулары байқауы болып өтеді. Үш кезеңді қамтитын байқау оқушыларды кітап оқуға, әдебиетке сүйіспеншілігін арттыруға ынталандыратыны ақиқат. Байқаудың мақсаты: жас қазақстандықтар арасында оқу мәдениетін дамыту және ілгерілету, оқушылардың оқу сауаттылығын арттыру.
Биыл да өткізілген байқауда оқушымыз жоғары нәтижеге қол жеткізді. Қалалық және облыстық кезеңдерден іркілмей өтіп, Астана қаласындағы Назарбаев Университетінің базасында өткен Республикалық кезеңге қатысқан Түркістан қаласындағы Ө.Жәнібеков атындағы №27 ІТ мектеп-лицейінің 8-сынып оқушысы Ырысбибі Қалбай берілген 60 сұрақтан тұратын тест тапсырмаларын сәтті орындаумен қатар, эссе жазып, сыни ойлау және ойын дұрыс жеткізу шеберлігін көрсету арқылы жүлделі ІІ орынға ие болды.
Білімді оқушыны дайындап, оқушыға серпіліс беріп жүрген жетекшісі, білікті ұстаз Қамажай Қалдыбаеваға алғысымызды білдіреміз.
Жеңімпаздарды марапаттау рәсіміне ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Азаматтық қоғам істері комитетінің төрағасы Мадияр Қожахмет, жазушы Қуаныш Жиенбай, публицист, жазушы Шархан Қазығұл, Назарбаев Университеті кітапханасының директоры Джеральд Кавана және Қазақстандық қоғамдық даму институтының Басқарма төрағасы Нұрбек Матжани қатысты.
Айта кетейік, Республикалық кезеңге еліміздің барлық аймағынан іріктелген 63 оқушы қатысты. Олар шара барысында 60 сұрақтан тұратын тест тапсырмасын орындап, эссе жазып, сыни ойлау және ойын дұрыс жеткізу шеберлігін көрсетті. Ал байқаудың аудандық кезеңіне 8-10 сыныптың 10 024 оқушысы қатысса, облыстық кезеңде 767 оқушы бақ сынаған болатын.
Шара барысында Қазақстандық қоғамдық даму институты әзірлеген балаларға арналған Tanym мобильді қосымшасы таныстырылды. Сондай-ақ қатысушылар Назарбаев Университетіне және ҚР Ұлттық музейіне экскурсия жасады, медиа және ақпараттық сауаттылық туралы дәріске қатысты.
Еске салайық, балалар оқулары байқауы биыл дәстүрлі түрде 3-рет ұйымдастырылды. Қорытынды шараны ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қазақстандық қоғамдық даму институты және Назарбаев Университеті бірлесе өткізді.