Жастар арасында кең тараған пікірсайыс ойыны соңғы кезде еліміз бойынша жақсы дамуда. Оған дәлел оқушылар мен студенттер арасында әртүрлі деңгейдегі турнирлердің жиі ұйымдастырылуы. Түркістан шаһарында да дебат ойындарына ерекше көңіл бөліп оқушыларымен қатар мұғалімдері де белсенділік танытуда.
Нақты тақырып, еркін ой, өтімді пікір! Бұл мектеп директорларының қатысуымен өткен «Intellectum DD 2» дебатынан кейінгі түйген ой болды. Дебаттың арнайы ережелері негізінде ой жарыстырған мектеп басшылары өздерінің білімділігімен қатар ой ұшқырлықтарын көрсете білді.
Түркістан қаласының білім бөліміне қарасты Төле би атындағы жалпы білім беретін мектебінің базасында бөлімнің жоспарына сәйкес өткізілген дебатта қатысушылар өз ойларын еркін жеткізіп, тақырыпты аша білуімен ерекшеленді. Нәтижесінде сарапшылардың талдауынан жоғары баға алған Абай атындағы №31 жалпы білім беретін мектебінің директоры Нұрбол Ахметов пен С.Рахимов атындағы жалпы білім беретін мектебінің директоры Рустам Алиев жеңімпаз атанып, облыстық дебатқа жолдаманы жеңіп алды.
Жалпы пікірсайыс, дебат туралы сөз қозғағанда кез-келген адамның оның ішінде пікірсайыстан хабары жоқ адамдардың санасында бір тақырыпқа бола қызыл кеңірдек болып ұрысып жатқан адамдар, бір-бірін мойындамайтын пікірсайысшылар елестейді. Ал шын мәнінде пікірсайыс дегеніміз не және оның жеке тұлғаның қалыптасуына қандай пайдасы бар?
«Дебат» деген сөздің өзін француз тілінен аударғанда «талқылау» деген мағынаны білдіретін, қоғамда туындаған мәселе бойынша екі жақты (үкімет, оппозиция) болып пікір таластыру.Біздің елімізде де пікірсайыс өзіндік орын алады.Жыл сайын жоғарғы оқу орындармен қоса, мектеп қабырғаларында пікірсайыс клубтары ашылуда.Қуантарлық жай- көпшілік жағдайда апта сайын турнирлердің жиі өткізілуі. Енді осы дебаттың қандай пайдасы бар деген тақырыпта ойланып көрсек:
Біріншіден, пікірсайыс ойнаған адамның білімі мол болары анық, себебі бір қарардың(резолюция) айналасында қаншама ақпарат іздеп, ізденеді.
Екіншіден, өзінің сөзіне,жалпы өз-өзіне деген сенімділік.Кез-келген орта мен жағдайда қысылмай өз ойын айтуға үйретеді.
Үшіншіден, біржақты ғана емес екі тұрғыдан ойлап,кез-келген нәрсенің пайда-зиянын көре білу.
Төртіншіден, әрине ол – жақсы орта.Уақытты босқа өткізбей, жаңа зиялы достар табу, өзіндік араласар ортаның болуы
Бесіншіден, жарқын болашақ.
Жалпы айта берсек пікірсайыстың тұлғаға, қоғамның мүшесіне берері көп.Сондай-ақ бұл мұғалімдер үшін өзін-өзі дамытудың , қоғаммен байланыс жасаудың, өз пікірін қорғай білуді үйренудің берден-бір жолы болып табылады.