Түркістан қаласындағы назарбаев зияткерлік оқу ордасында жаңа тоқсан басы сәтті басталды. Көзді ашып жұмғанша өтіп кеткен апталық демалыстан соң зияткерлер білім ордасымен жаңа тоқсанда қайта қауышты.
Дәстүрлі таңғы жиында І тоқсан қорытындысы бойынша сыныптар мен шаңырақтардың оқу сапасы мен жалпы көрсеткіштері зияткерлер назарына ұсынылып, нәтиже бойынша оқу озаттары мен үздік шаңырақ номинациясын иеленген оқушылар марапатталды.
Сондай-ақ, өткен апта мектеп үшін нәтижелі, айтулы оқиғаларға толы болды. Атап айтсақ, баскетболдан өткен желілік спартакиаданың аймақтық кезеңі алғаш рет оқу ордамызда ұйымдастырылып, айтулы шараға өскемендік, атыраулық, павлодарлық, петропавлдық және де түркістандық зияткерлер қатысты.
Дүбірлі додада бақ сынаған мектеп оқушылары арнайы номинациялар иеленген болатын. Онымен қоса, зияткерлер спорттық жарыстарда ғана үздік атанып қоймай, республикалық ғылыми жобалар байқауының желілік кезеңінде өз туындыларын ұсынып, жүлделі орындар иеленуде үздіктер қатарында болды.
Мектеп зияткерлері ақыл-ой жарысы шахмат ойынынан ұйымдастырылған жарыстарға белсенді қатысуда жүлделі орындар иеленіп қана қоймай, жеңімпаз атанған болатын. Осы орайда мектеп директоры Айдын Түсіпжанов оқу ордамыздың абыройын үстем еткен үздік зияткерлерді барша ұжым алдында марапаттап, мектеп мақтаныштары ерекше қошеметке ие болды.