Түркістандық зияткерлер республикалық ғылыми жобалар байқауының желілік кезеңінде өз жобаларын ұсынуда. Назарбаев зияткерлік мектебі жүйесіндегі Республикалық ғылыми жобалар байқауының 2 кезеңіне жолдама алған түркістандық зияткерлер NIS Ph&M Astana мен NIS Ch&B Almaty базасында өз жобаларын ұсынуда. Еліміздің барлық өңірінен жас зерттеушілердің басын қосатын ғылыми жобалар байқауында түркістандық зияткерлер 6 тың жоба қорғайтын болады. Атап айтсақ:
«Қазақ» газетінің ғылыми концепциясы жайлы өз жобасында Саламат Матанова баспасөз беттерінде ғылымның бірнеше бағыты бойынша зерттеулер жарияланғаны туралы деректер келтіріліп, ғылыми тұжырым жасайды.
Тоталитарлық заманда есімі қасақана ұмыт болған, Сталиннің жазықсыз қуғынына ұшыраған, тaрихтың сарғaйған құжaттарында аты да, қызметі де сақталып зерттелмей қалған мемлекет және қоғам қайраткері Садыкбек Сапарбеков туралы Жәнібек Сәдуақас пен Мейіржан Алимбай жоба қорғайды. Жас зерттеушілер өз жобасында тарихи тұлғаның қоғамдық-саяси қызметін архивтік құжаттар негізінде талдап, жасалған игі істеріне баға береді.
Қазақ халқы үшін ұлттық және мәдени маңызы бар ер тоқымның этнотанымдық маңызына тоқталып, әрі жоба ұсынатын зияткерлер Сәния Төрехан мен Ерасыл Тұрлыбек тарихи жәдігердің ерекшеліктерін айшықтайды.
Қазақстандағы мал жүнін өңдеу өнеркәсібінің мәселелері және оны шешу жолдары жайлы жоба қорғайтын Кулымбетова Камшат еліміздегі мал жүнін өңдеу өнеркәсібінің мәселелері, қой жүнін өңдеу, мәселенің шешу жолы ретінде мал жүнінен жасалатын түйіршіктелген тыңайтқыш жасау өндірісінің бизнес-жоспарын көрсетіп, ғылыми туындысын ұсынады.
Малды азықтандыру мәселесін шешу жолы ретінде құрама жем өндірісінің пайдасын алға тартуда жас зерттеуші Назерке Амидулла өз жобасында нан қалдықтары қосылған құрама жем өндірісінің бизнес-жоспарын жасап, мал шаруашылығына өз үлесін қосатын ғылыми туындысын ұсынады.
Жүн өнімдерін табысты бизнеске айналдыру жолдары жайлы жоба қорғайтын Жанат Абшүкір мен Зере Ахан өндірістік туризмді дамытуда жүн өндірісін қолданудың пайдасы туралы тың жобаларын ұсынады. Сонымен қатар ұмытылып бара жатқан жүн өндіру технологиясын дәріптеу, ұлттық құндылықтарды жастардың бойына сіңіру жобаның басты мақсаты екенін жеткізеді.